Қазақстандағы "Электронды қаржы орталығы" АҚ-ның (ЦЭФ) қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 566 млн теңге көлемінде қаржылай бұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ЖАП мәліметінше, аудит барысында мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелерді дамыту және сүйемелдеу жұмыстарының тиімділігі бағаланған.
Сонымен қатар 13,5 млрд теңге көлемінде қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану фактілері тіркелді.
Аудит нәтижесінде жедел назар аударуды және түзету шараларын қажет ететін бірқатар елеулі кемшіліктер мен проблемалы тұстар анықталды. Атап айтқанда, стратегиялық басқару саласында олқылықтар бар: 2023–2024 жылдарға арналған даму жоспарларының орындалуы туралы есептер жоқ, кейбір нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізілмеген, ал ішкі аудит қызметінің іс-шаралары ішінара немесе мерзімінен кеш жүзеге асырылған.
Бюджет процесінің интеграторы ретіндегі ЦЭФ қызметі жалпы алғанда қанағаттанарлық деп танылғанымен, ұйымның ішкі нормативтік құжаттарының жаңартылмауы оның жұмыс тиімділігін төмендететіні атап өтілді.
Аудит барысында ЦЭФ қызмет құнын қалыптастыруда әртүрлі тәсілдерді қолданатыны анықталды. Аудиторлар баға сараптамасын жүргізуді және жұмыстар мен қызметтерді бөлек есепке алу жүйесін енгізуді ұсынып отыр. Бұл қате баға белгілеу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне де ерекше назар аударылған. ЖАП мәліметінше, сүйемелдеуде және сенімгерлік басқаруда тұрған ақпараттық жүйелерде, сондай-ақ "Электрондық коммерциялық сатып алулар" жүйесінде ақпараттық қауіпсіздіктің негізгі талаптары бұзылған. Кейбір жүйелер ресми түрде тәжірибелік пайдалану кезеңінде бола тұра, толыққанды жұмыс режимінде қолданылып келеді.
Сонымен қатар қолданыстағы кейбір цифрлық платформаларға рұқсатсыз араласу қаупінің алғышарттары анықталған. Аудит барысында "Электрондық мемлекеттік сатып алулар" жүйесіне 600-ден астам техникалық түзету енгізілгені тіркелді. Оның ішінде жұмыс тәжірибесі мен рұқсат құжаттарын тексеруді өшірген өзгерістер де бар. Осы бағыттағы ЦЭФ тәсілдері жетілдіруді және бақылауды күшейтуді қажет етеді.
Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің тұрақты әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін Қаржы министрлігіне ЦЭФ қызметіне бақылауды күшейту ұсынылды.
"Барлық проблемалы мәселелер бойынша Жоғары аудиторлық палата тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар әзірледі. Олардың орындалуы толық аяқталғанға дейін бақылауда болады", – деп қорытындылады аудиторлар.
