Қазақстандықтар электр энергиясын тиімді пайдалану арқылы ай сайынғы коммуналдық шығындарын 10-20%-ға дейін қысқарта алады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандардың мәліметінше, Қазақстандағы екі бөлмелі пәтерде тұратын отбасы орта есеппен айына 250-350 кВт/сағ, ал жылына шамамен 3-4 мың кВт/сағ электр энергиясын тұтынады. Бұл көрсеткіш тұрғындардың тұрмыстық техниканы пайдалану жиілігіне және үйдің жабдықталуына байланысты өзгеруі мүмкін.
Энергетиктердің айтуынша, электр қуатын үнемдеудің ең тиімді жолдарының бірі – жарықдиодты шамдарды қолдану. Олар дәстүрлі шамдарға қарағанда әлдеқайда аз энергия жұмсайды. Сонымен қатар энергия тиімділігі жоғары класты тұрмыстық техниканы таңдау да шығындарды азайтуға көмектеседі.
Сарапшылар қолданылмай тұрған құрылғыларды тоқ көзінен ажыратып қоюға кеңес береді. Себебі «күту режиміндегі» техника да белгілі бір көлемде электр энергиясын тұтына береді. Ал кондиционер, жылытқыш секілді қуатты көп қажет ететін құрылғыларды тек қажетті жағдайда пайдалану ұсынылады.
«Электр қуатын көп қажет ететін тұрмыстық техниканы дұрыс пайдалану арқылы айтарлықтай үнемдеуге болады. Қолданылмайтын зарядтағыштарды тоқтан ажыратып қою, кір жуғыш және ыдыс жуғыш машиналарды толық жүктемемен қосу, энергия үнемдеу режимдерін пайдалану және ескірген техниканы жаңасына ауыстыру маңызды», – дейді мамандар.
Олардың бағалауынша, егер пәтер айына орта есеппен 350 кВт/сағ энергия тұтынса, үнемдеу шараларының арқасында ай сайын 35-70 кВт/сағ, ал жылына 420-840 кВт/сағ электр қуатын үнемдеуге болады.
Мамандар сондай-ақ электр желілеріндегі шығындардың табиғи құбылыс екенін атап өтті. Электр энергиясының бір бөлігі желілер мен трансформаторлар арқылы тасымалдану кезінде жылуға айналады. Бұдан бөлек, есептеуіш құралдардағы ақаулар немесе электр қуатын заңсыз пайдалану салдарынан коммерциялық шығындар да туындайды.
Сарапшылардың пікірінше, энергия ресурстарын ұтымды пайдалану тек қаржы үнемдеуге ғана емес, жалпы электр жүйесіне түсетін жүктемені азайтуға да мүмкіндік береді.