Мәжіліс депутаттары Қазақстанда полицейлер мен мемлекеттік қызметкерлер үшін кәсіби адалдықты тексеруге арналған тестілеуді енгізуді қарастыратын заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен азаматтық қызметкерлерді сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау мақсатында адалдыққа тестілеуден өткізеді. Құжатта олардың құқықтары мен міндеттері, тестілеуді тағайындау негіздері және тестілеу нәтижелері бойынша жауапкершілік шаралары көрсетілген.
“Нәтижесінде, адал емес қызметкерлер уақтылы анықталып, ықтимал сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу шаралары қабылданады”, – деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Ережеге сәйкес, құқық қорғау қызметіне қабылданар алдында үміткер тестілеуден өтетіні туралы жазбаша түрде хабарланады. Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, бұл бастама халықтың осы органдарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді.