Әңгіме былай:
Жанат Жапақова Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Дәулет ауылының №11 орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ұзақ жылдық тәжірибесі, еңбек өтілі бар білікті ұстаз екен.
Өткен шақпен айтып отырғанымыздың астарын түсінген шығарсыздар, ол қазір жұмыссыз.
Биыл 27-қаңтарда оны мектеп директоры орнына басқа адам алып, Жанатты жұмыстан қуған. Кейіпкеріміз «мені заңсыз, әділетсіз түрде жұмыстан кетірді» дейді.
Әділетсіз деп отырғанына бірнеше түрлі дәлел де келтірді.
Оның сөзіне қарағанда, мектеп директоры Бақыт Илчибаева (қазақша Елшібаева болуы мүмкін) 2018 жылы мектепке конкурс арқылы директор болып келіпті. Ол да математика пәнінің мұғалімі екен.
Әуелде Жапақова мен Илчибаеваның ара-қатынасы өте жақсы болған көрінеді. Кейін бұлардың арасынан ала мысық жүгіріп өткен. Ұстаздың айтуынша су жаңа директорға әлдебіреулер сыпсың сөз тасып, Жапақованы отырса опақ, тұрса сопақ қылған.
[caption id="attachment_79993" align="aligncenter" width="837"] Жанат Жапақова[/caption]
Ұстаздың сөзінше, директоры Жанат Жапақованың артына адам салып, сабағын суретке түсіріп, ата-аналарды қарсы қойып, әбден ығырын шығарады. Сөйтіп, 2019 жылдың қараша айында директор ханым өзінің қарамағындағы мұғалімді сотқа береді.
Сот сегіз айға созылған. Сотта Жапақова Илчибаеваның артынан ешқандай сөз айтпағаны дәлелденіп, сегіз айлық сергелдеңнен Жанат ханым жеңіп шығады. Бірақ бұл жеңіс мектеп директорының қитығына қатты тиген.
Ол одан сайын қысым көрсетіп, биыл қаңтардың 27-күні Жанатты жұмысынан босатады.
Жәбірленушінің айтуынша, Илчибаева оны жұмыстан кетіру үшін сынықтан сылтау іздеген. Сөйтіп, kundelik.kz электронды порталынан кемшілік тапқан.
Жанат ханым порталды 1 күн толтырмай қалған көрінеді. Айыбы сол. Ал директор ханымның порталдағы белсендігі сол кезде 50 пайыз ғана болған. Жапақова болса 98 пайыз белсенділікпен қызметінен қуылып отыр.
"Бұл алдын ала ойластырылған, жоспарланған шаруаға қатты ұқсайды", – дейді ұстаз.
Оның айтуынша, мектеп директоры Жанат Жапақова жұмыстан кетпей тұрып, яғни 11-қаңтар күні enbek.kz сайтына «Математика пәнінің мұғалімі керек» деген хабарландыру берген. Жапақова жұмыстан кетпей жатып, нақты айтқанда 26-қаңтар күні басқа адамды жұмысқа алып қойған. Ол кезде мектеп онлайн форматында жұмыс істеген.
"Илчибаеваның білім порталын уақытында толтырмады деген уәжінің өзі қисынсыз көрінбей ме? Басқа аймақты қайдам, Талғар ауданында интернет желісінің нашарлығын ескерсек, порталды 1 күн толтырмай қалуым – жұмыстан қууға толық негіз бола алмайды", – дейді редакциямызға арынданған ұстаз.
Жұмыстан қуылған мұғалім мектеп директорының бұл әрекетін қызметін асыра пайдалану деп түсінетінін жеткізді.
Жұмыстан кеткеннен кейін Жанат Жапақова Талғар аудандық сотына шағым түсірген.
Ж.Жапақова:
«Талғар аудандық соттың судьясы Сәрсенбаевқа көрсеткен дәлелдерімнің ешқайсысы ескерілмеді деп ойлаймын. Мен судьяның шешімімен келіспеймін. Сотқа шақырған куәгерлерім де белгісіз себептермен тыңдалмады. Бірнеше аудио жазбаларым де еш себепсіз сотта пайдаланылмады. Әділетсіз шешім шығарылды деп есептеймін.
Сондықтан Алматы облыстық сотына апелляциялық шағым түсірдім. Сот 23-тамызға белгіленіп отыр.
Мен әділдік үшін Президентке үндеу жарияладым. Асхат Аймағамбетовке де жанайқайымды айтып, видеоүндеу жолдадым. Бармаған жерім қалмады. Мектеп директоры Илчибаева Бақыт Социалқызы елбасының құдашасы, яғни Қайрат Боранбаевтың қарындасы. Ал мен алты айдан бері жұмыссызбын...» деп, баспасөз арқылы әділдік сұрап отыр.
Иә, әңгіме басында келтіргеніміздей, мектеп директоры өзін Нұрсұлтан Назарбаевтың құдашасы, Қайрат Боранбаевтың туысқан қарындасы екенін айтқанбыз. Ол бұл сөзін nege.kz порталына берген сұхбатында айтыпты.
Жарас ШӨКЕ
Dalanews.kz редакциясы қарсы тараптың пікірін жариялуға әзір екенін хабарлайды.
https://dalanews.kz/sadak/79996-timurdyng-adamy-bolat-abilov-bas-prok