Экс-судья Жолмановаға қатысты іс: прокурорлар оған қанша жыл сұрады?

Сағыныш Сардарова 04 мау. 2025 11:39

Экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты сот жарыссөзі өтті,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматының Медеу аудандық сотында 1 миллиард теңгеге жуық алаяқтық ісі, яғни 48 эпизод бойынша айыпталған бұрынғы судья Светлана Жолманованың ісі бойынша жарыссөздер өтті.

Сот отырысында прокурор оны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Бұл іс туралы не белгілі?

Светлана Жолмановаға қатысты іс Алматыдағы Медеу аудандық №2 сотында қаралып жатыр. Оған 1 млрд теңгені алаяқтық жолмен иемденді деген айып тағылған. Тергеу нұсқасына сай ол түрлі тендерлер мен жылжымайтын мүлік мәмілелеріне көмектесемін деп, оған қоса экс-әкімнің әйелімен араласамын деген сылтаумен адамдарды алдаған. Жұмыстан кеткен соң да өзін судья ретінде таныстырып, ақша бопсалауды жалғастырған. Қазіргі таңда 48 эпизод тіркелген, жәбірленушілер арасында судьялар да бар.

Екінші айыпталушы - бұрынғы полицей Данияр Құшалиев. БАҚ мәліметінше, ол бұған дейін пара алу дерегі бойынша ұсталған.

Бұған дейінгі істері

Айта кетейік, 2021 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.

Тінту кезінде судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленген. Ол сот шешімдерін белгілі бір адамдардың пайдасына шығаруға көмектескен деген күдікке ілінді.

29 сәуірде Жоғарғы сот төрағасының өкімімен Светлана Жолманованың өкілеттігі тоқтатылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар