Аталған мекеме қызметкерлері 30 мамырда Атамбаевтың Кой-Таштағы үйіне барған. Олармен бірге экс-президенттің екі адвокаты Сергей Слесарев пен Замир Жоошев та барған. Әлеуметтік желіде тараған видеоға қарағанда адвокаттар мен мемлекеттік қызметкерлердің арасында кикілжің туындағанын көруге болады.
Атамбаевтың өкілдері заттарын жинауға үш күн мұрсат сұраған. Олар Атамбаевтың отбасы үйдің мемлекетке өткенінен хабарсыз екенін айтқан.
– Бұрынғы президент пен оның отбасы жеке мүлігінің мемлекетке өткенінен хабарсыз. Оларға ескерту беруі керек еді, – дейді адвокат Слесарев.
2020 жылдың маусым айында Бішкектің Бірінші май аудандық соты Алмазбек Атамбаевты қылмыс әлемінің белсендісі Азиз Батукаевты заңсыз босатты деген айыппен 11 жыл екі айға соттаған.
2020 жылдың қазан айындағы төңкерістен кейін экс-президенттің қорғаушылары сот процесі кезінде заң бұзушылықтар орын алғанын айтып, Жоғарғы соттан барлық үкімнің күшін жоюға қол жеткізген.
Алайда 2021 жылдың күзінде Бас прокуратура 2020 жылғы Жоғарғы соттың шешімін қайтарып алу жөнінде шағымданған. Жоғарғы сот істі қайта қарау жөнінде шешім шығарып, кейін экс-президентке қатысты бірінші инстанция үкімін күшінде қалдырды.