Көптей көрінбей кеткен бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой көп алдында жылт етті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі алқасының төралқасында көптеген танымал адамдар көзге түсті. Бұл туралы Satzhangram Telegram-арнасы жазды. Отырыста ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровадан бөлек бұрынғы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Павлодар облысының бұрынғы әкімі Әбілқайыр Сқақов көрінеді.
2021 жылы 20 желтоқсанда Цой денсаулық сақтау министрі қызметінен кетті. Бұл ақпарат сол кезде әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Өйткені Цойдың министр болуы да тыныш өтпеді. Бұған дейін қазақстандықтар оның министр ретіндегі қызметін бірнеше рет сынға алып жүрді.
Бұған экс-министр "мені сынап жүргендер намысыма тимейді" деген жауап та берген еді.
Вакцинация науқаны басталғанда Цой Тоқаевтан ескерту де алды. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері Цой басқа қызметке ауысуына байланысты өз еркімен қызметінен кеткенін хабарлаған болатын.
Цой жерде қалмады. Іле шала белді қызметке орналасты. 2022 жылғы 31 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Президенті іс басқармасы медициналық орталығының басшысы болып тағайындалды. Ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, әлі күнге осы қызметте отыр.