Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың ұлы Нұрлан Асқарбеков Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген жаңа IT-компанияның басшысы болып тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ашық деректерге сәйкес, Pivot Limited компаниясы 2026 жылғы 2 қазанда тіркелген. Компания ақпараттық технологиялар саласында кең ауқымды қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, компания бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және сынаумен, жасанды интеллект пен робототехникаға негізделген шешімдер жасаумен, бизнес-процестерді автоматтандырумен, ақпараттық жүйелерді интеграциялаумен, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және техникалық қолдау көрсетумен айналыспақ.
Нұрлан Асқарбеков компанияны басқарумен қатар оның меншік құрылымына да қатысады. Ашық мәліметтер бойынша, оның Pivot Limited-пен байланысы Circle Limited және Sonder Limited компаниялары арқылы жүзеге асады. Sonder Limited компаниясының тең құрылтайшылары қатарында Нұрлан Асқарбеков пен Haichuan Shen бар.
Бұл Асқарбековтің алғашқы бизнес-жобасы емес. Ол бұған дейін де Sonder Holdings, Sonder Limited, General Creativity Enterprise Limited компанияларын, сондай-ақ Steppe Coffee кофеханасын басқарған.
Әзірге ашық дереккөздерде Pivot Limited компаниясының жүзеге асырған жобалары, клиенттері немесе мемлекеттік тапсырыстары туралы ақпарат жарияланбаған. Компания жақында ғана тіркелгендіктен, оның нақты қызмет нәтижелері алдағы уақытта белгілі болады.