Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев жиі апатқа ұшырайтын Екібастұз жылу электр станцияларын жөндеу жұмыстарына қанша қаражат бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Екібастұз ЖЭО жөндеу жұмыстарына байланысты жаңа екі жоба іске қосылған.
"Екібастұз қаласында "Екібастұз ГРЭС-1 жаңғырту және реконструкциялау. Қуаты 500 МВт болатын №1 блокты қалпына келтіру" жобасы іске асырылып жатыр. Жобаның құны қосылған құн салығынсыз 169,2 млрд теңгені құрайды. Жобаны осы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ "№3 энергоблокты орнату арқылы Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау" жобасы да іске асырылуда, оның құны - 666,5 млрд теңге. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған", - деді Сәтқалиев.
Осы тұста ол Екібастұз Қазақстанның негізгі энергетикалық орталығы болғандықтан, ГРЭС жобаларын іске асырудың жалпы қуатты 1,1 гигаватқа арттырады.
"Екібастұз қаласында ГРЭС-1 және ГРЭС-2 жұмыс істейді. Олар - Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің солтүстік және оңтүстік аймақтарының негізгі энергия көздері. Екібастұз – еліміздің энергетикалық орталығы. Мұнда Қазақстанның жалпы өндірісінің 40 пайыздан астамы өндіріледі. Бұл кәсіпорындарда 2,9 мың адам жұмыс істейді", - деді министр.
Сонымен қатар ол басқа да қалаларжа жылу электр орталықтарын жаңарту жоспарланып отырғанын атап өтті.
"Степногорск, Риддер, Теміртау, Шахтинск, Рудный, Екібастұз, Кентау қалаларында 28 қазандық пен 11 турбинаны жөндеу және реконструкциялау жоспарда бар", - деді Сәтқалиев.