Түркістан облысында егін шаруашылығымен айналысатын фермерлер жеке компанияның кесірінен шығынға ұшырағандарын айтып, шағымданды. Олардың сөзінше, құрылыс компаниясы мақта мен жоңышқа егілген алқапты қазып тастаған, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.
Компания өкілдері жер астында 40 жыл бұрын тартылған құбырды қазып алмақ болып, егіс алқабын түгел бүлдірген.
"Бес жарым гектар жердің жоңышқасы түгел қопарылды. Енді екінші, үшінші, төртінші орымнан ешқандай өнім ала алмай қалдым", – дейді фермер Майра Шетенова.
Шаруалардың айтуынша, аталған компанияның әрекеті ондаған фермерге зиянын тигізуі мүмкін. Себебі қазылып жатқан құбыр егістікке су беретін каналдың астынан өтеді. Егер жұмыс жалғаса берсе, егін сусыз қалып, түгел қурап кетуі ықтимал.
Ал жергілікті әкімдік өкілдері мәселені шешуге шарасыз екенін мойындап отыр.
"Жақында тұрғындар "Ferrum Vtor" ЖШС өкілдерімен келісімге келді. Қазір қазылған бөлігін жауып, қалған жерді күзде қазуға уағдаласты. Кейін бүлінген алқапты қалпына келтіруге көмектесеміз. Бірақ соттың шешімін өзгертуге немесе оған қарсы шығуға құқымыз жоқ", – деді Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнаров.
Компания басшылығы әзірге жауап бермеді. Ал шаруалар егістік алқаптарын күні-түні күзетуге кірісті.