Диплом жұмысқа кепіл емес - Мәжіліс

Самал Асқар 27 сәу. 2026 13:46

Мәжіліс сағатында ақылы білім, университеттердің жауапкершілігі және грант саясатына қатысты мәселелер көтеріліп, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек депутаттардың сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Dala News.

Депутаттар соңғы жылдары түрлі қысқа мерзімді курстар мен коучингтерге қатысты шағымдардың көбейгенін айтып, осыған ұқсас жағдай жоғары оқу орындарында да бар екенін атап өтті. Олардың айтуынша, студенттер оқу үшін қомақты қаржы жұмсайды. Бір курсқа кемінде 1,5 млн теңге төлесе, төрт жылда бұл сома шамамен 6 млн теңгеге жетеді. Ал жатақхана, тамақ және басқа шығындарды қосқанда жалпы шығын 10 млн теңгеден асады. Соған қарамастан, кейбір түлектер оқу бітірген соң жұмыс таба алмайды.

Осыған байланысты депутаттар университеттерді сотқа беру тәжірибесі бар ма, оқу ақысын қайтару мүмкін бе және жұмысқа орналастыру жауапкершілігі кімге жүктелуі тиіс деген сұрақ қойды.

Министр алдымен формалды емес білім беру саласына тоқталды. Оның айтуынша, түрлі курстар мен коучингтер бағытында нақты реттеу жетіспейді.

«Қазір бұл салада тәртіп керек. Білімі мен тәжірибесі расталмаған адамдар көбейіп кетті. Көп елдерде мұндай қызмет қатаң бақыланады. Біз бұл бағыттағы заңнамалық өзгерістерді қолдаймыз», деді Нұрбек.

Ал университеттерге қатысты ол олардың қызметі заңмен реттелетінін айтты.

«Жеке университеттер білім туралы заңмен және кәсіби кодекспен жұмыс істейді. Біз оқу бағдарламаларының сапасын арнайы комитет арқылы бақылаймыз», деді министр.

Сонымен қатар Нұрбек соңғы жылдары мемлекеттік бақылау тәсілі өзгергенін атап өтті. Бұрын жоғары оқу орындары тұрақты тексеріліп, қатаң бақылауда болған.

«Бұрын жыл сайын тексерулер жүргізілетін. Қазір бұл формат өзгерді. Жаңа реттеуші саясат енгізілді», деді ол.

Министрдің айтуынша, қазіргі модельде мемлекет бұрынғыдай толық бақылаушы емес. Университеттерге көбірек академиялық еркіндік берілген, бірақ жауапкершілік те соған сай күшейген.

«Бұрынғыдай толық бақылау жүргізетін мүмкіндік жоқ. Бұл саналы түрде қабылданған шешім», деді Нұрбек.

Жұмысқа орналасу мәселесіне қатысты министр диплом еңбек нарығында автоматты түрде жұмысқа кепілдік бермейтінін айтты.

Оның сөзінше, бұл жерде жауапкершілік бірнеше тарапқа байланысты. Университет білім береді, студент өз дағдыларын дамытуы керек, ал еңбек нарығы сұранысқа қарай жұмыс орындарын ұсынады.

Осылайша, Мәжілістегі талқылауда жоғары білім жүйесінде бақылау форматы өзгергені, ал толық грант пен жұмысқа кепілдік беру моделі біртіндеп қайта қаралып жатқаны айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove