Саясаттанушы Досым Сәтпаев «Жер сатылмасын!» деп алаңға шыққан Атыраудағы наразылыққа қатысты өз ой-пікірін білдіріпті. Сауатты, салмақты дүние екен. Ұнады. Аударып бастық. Саясаттанушының ой-пікірімен толық танысқыңыз келсе, төмендегі мақаланы оқып шығуды ұсынамыз.
Негізінде, Қазақстандағы саяси бұлқыныс әлдеқашан басталған. Біртіндеп, кезең-кезеңімен күш алды. Бір қызығы, билік мұны бертінге дейін аңғармай келді (оның себебін кейін айтамын). Бұл үрдіс төменнен, халықтың ішінен бастау алды және күн өткен сайын күшейе түсті.
Билік қазанның қақпағын мықтап бекітпек болғанымен, оның жан-жағынан шығып жатқан буды тоқтату мүмкін емес еді. Бұл әлеуметтік бу болатын және оның ақыр аяғында сыртқа шығуы заңды-тұғын. Күштеп тежеген дүниенің міндетті түрде кері әсері болатынын билік болжай алған жоқ.
Әзіргі күні елімізде әлеуметтік және саяси белсенділік танытқан екі топ қалыптасты. Мұның – бірі еліміздің Батыс өңірі және Алматы қаласы. Екі тарап та белсенді. Бірақ, белсенділігін, көзқарасын білдіруге келгенде екі жақтың әдісі екі түрлі, бір-біріне мүлде ұқсамайды.
Бұл тұрғыда Батыс аймақтармен салыстырғанда Алматы аса белсенді емес, алматылық қауым жалпы белсенді емес. Мұны өткен жолғы Парламент сайлауынан-ақ аңғаруға болады. Сайлауға қатысушылардың саны жөнінен Оңтүстік астана ең соңғы орынды алды.
Есесіне, Қазақстанның батыс өңірлерінде тұратын тұрғындардың саяси белсенділігі жыл өткен сайын артып әрі күшейіп келеді. Мұны Жаңаөзендегі оқиғалар анық көрсетті.
Айтпақшы, Атыраудағы митингіге дейін, тағы бір дүмпудің болғанын біреу білсе, біреу білмес.
Маңғыстау облысындағы 16 мұнай кәсіпорнының кәсіподақтары жаңа «Еңбек кодексінің» қабылдануына қарсы шықты.
«Аталған заң жобасын талқылау және әзірлеу кезінде билік бізбен ақылдасқан да, кеңескен де жоқ» деді кәсіподақтар.
Мұнайшылар, егер «Еңбек кодексі» Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі ұсынған алғашқы нұсқада қабылданар болса, бұл жұмысшыларды мемлекет кепілдік беретін барлық әлеуметтік жеңілдіктерден айырады деп қауіптенді. Осы мақсатта кәсіподақтар біріге отырып Елордаға арнайы делегация жіберді. Бірақ...
Бірақ, олардың әрекеті нәтижесін берген жоқ. Жаңа «Еңбек кодексі» мұнай кәсіподақтарының жанайқайын, талап-арызын ескермей, министрлік ұсынған алғашқы нұсқада қабылданып кете барды.
Білсеңіз, бұл кодекстің мұнайшылар үшін тиімсіз тұсы көп болатын. Бірінші кезекте, аталмыш заң жұмысшылардың емес, жұмыс берушілердің мүддесін қорғады. Ал бұл дегеніміз, болашақтағы жаңа наразылықтарға түрткі болуы мүмкін бірден-бір жайт.
Әрине, бұл туралы кесіп айтуға болмас, бірақ, әлеуметтік қарсылықтың көрінісі ретінде Қазақстанның батыс өңірлерінде соңғы кездері салафиттік радикалды бағыттағы экстремистік топтардың қайта «тірілуін» қосуға болады. Соңғы уақытта мұндай топтар жастармен арадағы үгіт-насихат жұмыстарын үдете түсті.
Сөзімнің басында, еліміздегі саяси белсенді екі өңір ретінде – Алматы мен Қазақстанның Батыс өңірлерін атаған болатынмын. Бұл тұжырымым бір жағынан жаңсақ болуы да мүмкін. Себебі, әлеуметтік бұлқыныстар еліміздің кез-келген өңірінде тұтануы ғажап емес.
Ендігі жерде «жерді сату және жалға беру» туралы мәселеге тоқталайын.
Бір жайт, ақиқат. Жерді жекенің иелігіне беру туралы Үкіметтің шешімі соңғы жылдары Қазақстанда болмаған ең ірі саяси-әлеуметтік наразылыққа ұласты. Неге?
Былай қарасаңыз, бұған дейін де әлеуметтің наразылығын тудырған өткір мәселелер болды. Бір ғана, ұлттық валютаның құнсыздануы қарапайым тұрғындардың тұрмысына, қалтасына қатты әсер етті. Себебі, долларға сай баға қымбаттады.
Қазақстанның алдымен Кедендік одаққа, артынша Еуразиялық одаққа енуі қоғамның пікірі мен көзқарасын екіге жарған мәселелердің бірі еді. Бұлардың бірде-бірі де халықтың алаңға шығуына түрткі бола алған жоқ.
Кейбір сарапшылардың сөзіне қарағанда, Атыраудағы оқиға халықтың тек бір мәселе төңірегіндегі жанайқайы емес, жалпы бүгінгі күнгі еліміздегі ахуалға қатысты тұтастай алғандағы көзқарасы. Әлеуметтің қазіргі саясатқа көңілі толмайтындығының белгісі.
Иә, мұндай пікірге де орын бар. Әсіресе, Қазақстанның батыс аймақтарында Тәуелсіздік алған тұстары еліміздегі ең ірі кен орындарына қонжиып алған көптеген шетелдік компанияларға қатысты ашу-ыза жылдар бойы жинақталып келді. Себебі, басқаларынан бұрын, дәл осы батыс халқы мұнайдан түскен қыруар қаржының халық пен шетелдік компаниялар арасында қаншалықты әділетсіз бөліске түсіп жатқанын көріп, біліп отыр.
Өз басым жер дауына қатысты Атыраудағы наразалықтың тағы бір қырына тоқталайын.
Бұл – адамдардың сана-сезімінің ояуны. Мен кіммін? Қандай мемлекетте өмір сүремін? Мемлекетім дұрыс бағытта ма? Мен неге өз көзқарасымды білдіруге тиісті емеспін? Сансыз сауал...
Анығы, осы уақытқа дейін халықтың, елдің сана-сезімі терең дағдарыста болды. Тіпті, әлеуметтік сауалнамалар негізінде Қазақстаннан кеткісі келетін, өз болашағын бұл елмен байланыстырғысы жоқ азаматтардың да көп екенін көрдік.
Алайда Атыраудағы митинг керісінше құбылысты көрсетті. Елімізде сана-сезімін «ата-бабаның жері» деген түсінік арқылы оятуға болатын азаматтар бар екен. «Ата-бабамның жері» демек, бұл жерді қорғау керек және келер ұрпаққа аманаттап тапсыру қажет.
Атыраудағы наразылықтың ешқандай қақ-соқсыз бейбіт аяқталуының сыры неде? Меніңше, бұл арада Жаңаөзендегі оқиғаның үлкен көмегі болды. Билік сол кездегі қателігін қайталағысы келген жоқ...
Мынаны түсінуі керек: өзінің саяси қарсыластарын, бәсекелес партиялар мен кәсіподақтарды, үкіметтік емес ұйымдарды тұншықтырғанымен билік ұтпайды. Керісінше, балама ақпараттан қағылады. Өзінің сыртынан қандай әңгімелердің айтылып жатқанын естіп, білуден қалады. Саяси қарсыластар сол үшін де керек.
Сайып келгенде елдегі әлеуметтік-саяси толқуларға биліктің өзі кінәлі. Саяси оппоненттерін қудалап, оппозициялық партияларды әлсіретіп тынған бүгінгі жүйе жұрттың өзі туралы не ойлайтынын естіп-білуден қалды.
Атырау мен өзге өңірлердегі жердің сатылуына наразылық танытып, алаңға шыққан азаматтарды қудалауға көшсе билік одан әрмен қателеседі.
Конфуцийдің қарсыластарының бірі – Мо Цзы былай деген екен: «Елді тәртіпке келтіру үшін алдымен тәртіпсіздік неден туындағанын білу керек». Біздің жағдайда наразылықтың неден туындағынан білу үшін, жұртқа жоғарыдан қарайтын түсініктен арылу қажет.
Халықпен сөйлесу керек. Оның не айтқысы келетінін біліп, сөзіне құлақ асу қажет. Халық биліктен осыны талап етуде. Бірақ, біздің жүйеде бұл мүмкін бе? Биліктің жоғарыдан төменге түсуге батылы жете ме?
Дереккөз: newtimes.kz