Алматы билігі мамырдың аяғына дейін төтенше жағдайлардан хабардар ететін жүйе енгізеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қаласының әкімдігі мамырдың аяғына дейін төтенше жағдайлар жөнінде шұғыл ақпарат тарататын мобильді жүйе енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев сейсенбі күні жер сілкінісі тақырыбын талқылауға арналған Үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жобаға 475 миллион теңге бөлінген. Cell Broadcast технологиясы негізінде жасалатын жүйе "Mass Alert" қағидасымен жұмыс істейді.
Дәстүрлі SMS жолдау жүйесіне қарағанда, Cell Вroadcast технологиясы желіге қосымша салмақ түсірмейді, абоненттердің бәрі бір сәтте төтенше жағдай туралы мәліметтен хабардар болады.
Естеріңізге сала кетейік, 4 наурызда сағат 11:22-де Алматыда бес баллдық жер сілкінісі болды. Жер асты дүмпуінің ошағы Алматыдан 31 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.