Қазақстанда доллар бағамы 465 теңгеге дейін төмендеп, бір аптада 3%-дан астам арзандады, деп хабарлайды Dala News.
USD/KZT жұбы соңғы күндері әдеттегі ауытқудан тыс динамика көрсетіп отыр. Бір күнде доллар 1,2%-ға, бір аптада 3,5%-ға төмендеген. Ал 2025 жылғы қазанмен салыстырғанда (547,57 теңге) құлдырау шамамен 15% немесе 80 теңгеден асады.
Бағамның әлсіреуіне нарыққа валютаның көп түсуі негізгі себеп болып отыр. Сарапшылардың мәліметінше, мұнда бірнеше фактор әсер еткен.
Біріншіден, мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр – Brent маркасы шамамен барреліне $110. Бұл елге келетін валюталық түсімді арттырады.
Екіншіден, Ұлттық қордан валютаны сату жалғасуда. Сәуір айында оның көлемі шамамен $1 млрд деңгейінде бағалануда.
Үшіншіден, квазимемлекеттік сектордың валюталық түсімінің бір бөлігін міндетті түрде сату талабы бар. Наурыз айында бұл арқылы нарыққа шамамен $391 млн түскен.
Сонымен қатар теңгедегі активтерге шетелдік инвесторлардың қызығушылығы сақталуда. Тек наурыз айының өзінде 77,4 млрд теңге көлемінде қаражат тартылған.
Экономист Ғалым Құсайыновтың айтуынша, сыртқы қарыз тарту да маңызды рөл атқарады. Мемлекет пен квазимемлекеттік компаниялар шетелден қаражат тартып, оны теңгеге айырбастайды, бұл доллар бағамына қосымша қысым түсіреді.
Тағы бір фактор – алтын. Ұлттық банк «айна» механизмі арқылы операциялар жүргізеді, ал соңғы бір жылда алтын бағасының 50%-дан астам өсуі бұл әсерді күшейткен.
Сонымен қатар тәуекелдер де бар. Елдегі инфляция жоғары деңгейде қалып отыр. Екінші тоқсанда импорт көлемінің артуы шетел валютасына сұранысты күшейтуі мүмкін.
Сондай-ақ базалық мөлшерлеме төмендейді деген күтулер болса, шетелдік инвесторлар теңгедегі активтерден шығып, бұл бағамның кері өзгеруіне әкелуі ықтимал.
Ұлттық банк қысқа мерзімде теңге бағамы нарық қатысушыларының күтулеріне, салық төлемдеріне, әлемдік нарықтар мен геосаяси жағдайға байланысты болатынын атап өтті. Регулятор еркін айырбас бағамы саясатын ұстанады және курсқа тікелей араласпайды.
