Доллар 400 теңгеге түсуі мүмкін бе?

Көркем Алдабергенова 06 нау. 2026 14:39

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов доллар бағамы 400 теңгеге дейін түсуі мүмкін бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сүлейменовтің айтуынша, теңге бағамы еркін қалыптасатындықтан, ол экспорттан түсетін табысқа, сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеріп отырады. Дегенмен қазіргі шынайы сценарийлерде доллардың 400 теңгеге дейін түсуі қарастырылмайды.

«Бағам еркін өзгеретін және экспорттық түсім, сұраныс пен ұсынысқа тәуелді болғандықтан, теория жүзінде бәрі мүмкін. Бірақ біз қарастырып отырған шынайы сценарийлерде доллардың 400 теңге болуы қарастырылмайды», – деді ол.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, доллардың 400 теңгеге дейін түсуі үшін ел экономикасының құрылымы айтарлықтай өзгеруі керек.

«Экономика мен өнеркәсіп экспорт көлемін айтарлықтай арттырып, сонымен қатар импортты азайтып, тепе-теңдік 400 теңге деңгейінде қалыптасуы екіталай. Сондықтан мұндай көрсеткіш біздің болжамды сценарийлерімізге енгізілмеген», – деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, қазіргі кезде теңге бағамы шамамен бір доллар үшін 500 теңге деңгейінде қалыптасқан.

«Бағамның құбылмалылығы 5–7% шамасында. Біз одан да үлкен тұрақсыздықты байқап отырған жоқпыз. Егер нарықта күрт ауытқулар болса, біз тиісті шараларды қабылдаймыз», – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасы.

Сондай-ақ ол теңге бағамында жақын уақытта күрт өзгерістер күтілмейтінін айтты.

«Бағам нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың теңгеріміне байланысты қалыптасады. Егер құбылмалылық күшейсе, күрт ауытқуларды жұмсарту үшін валюталық интервенциялар қолданамыз», – деп түйіндеді Сүлейменов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove