Алматыда әкімшілік құқық бұзушылық салдарынан арнайы тұраққа жеткізілген көліктерді эвакуациялау және сақтау үшін ақы алынатын болады. Жаңа тәртіп 4 қазаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қалалық мәслихаттың 18 қыркүйектегі кезектен тыс сессиясында коммуналдық арнайы тұрақтарға көлік жеткізу және оны уақытша сақтау тарифтері бекітілген.
Жаңа тәртіп бойынша көлікті эвакуациялау құны барлық санат үшін 3 АЕК, яғни 12 975 теңге болады.
Жеңіл көлікті арнайы тұрақта сақтау үшін алғашқы тәулікке 2,5 АЕК немесе 10 812,5 теңге, ал кейінгі әр тәулікке 5 АЕК, яғни 21 625 теңге төленеді.
Қалалық көлік басқармасы арнайы тұрақтарда тұрған көлік иелеріне құқық бұзушылықтарды жойып, көліктерін 3 қазанға дейін алып кетуді ұсынды.
Бұл өзгеріс барлық эвакуация жағдайына қатысты емес. Тарифтер тек Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте көзделген негіздер бойынша ұсталып, заң талаптарына сәйкес арнайы тұраққа жеткізілген көліктерге қолданылады.
Яғни көлікті басқа себептермен эвакуациялау жағдайларына бұл тәртіп автоматты түрде қолданылмайды.