2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 187,9 млрд долларды құрады. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 4,8 млрд долларға өсіп, 183,1 млрд доллардан 187,9 млрд долларға дейін ұлғайған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Соған қарамастан, сыртқы қарыздың жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққандағы үлесі төмендеген. Егер жыл басында бұл көрсеткіш 59,9% болса, шілде айында 56,6%-ға дейін азайды. Бұл ЖІӨ өсімінің қарыз көлемінің өсуінен жылдамырақ болғанымен түсіндіріледі.
Қарыз құрылымында компаниялар арасындағы берешек ең үлкен үлесті иеленеді. Оның көлемі 86,2 млрд долларды немесе жалпы сыртқы қарыздың 46%-ын құрайды. Бұл негізінен шетелдік тікелей инвесторлардың экономикаға ұзақ мерзімді қаржыландыруын көрсетеді.
Мемлекеттік сектордың, яғни мемлекеттік органдар мен Ұлттық банктің сыртқы қарызы 18,6 млрд долларды құрап, ЖІӨ-нің 5,6%-ына тең болды.
Сонымен қатар мемлекеттің сыртқы активтері, оның ішінде Ұлттық банктің халықаралық резервтері 130,8 млрд долларға жеткен. Бұл көрсеткіш сыртқы міндеттемелерден 112,2 млрд долларға жоғары.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сыртқы қарыздың елеулі бөлігі қазақстандық компаниялардың шетелдегі бас компаниялар алдындағы міндеттемелерінен құралатынын атап өтті. Оның айтуынша, қарыз жүктемесін бағалауда қарыздың ЖІӨ-ге қатынасына назар аударған жөн.