Ұлытау облысы Қаражал қаласында мектеп оқушыларын тасымалдау кезінде заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Прокуратура жүргізген тексеріс барысында жүргізуші куәлігінен айырылған әрі медициналық қарсы көрсетілімдері бар адам мектеп автобусын жүргізгені белгілі болды.
Мәліметке сүйенсек, ол психоневрологиялық есепте тұрған (жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі), бала кезінен мүгедектігі бар және есту қабілеті бойынша екінші топтағы мүгедек азамат болған. Сонымен қатар, ол сот шешімімен көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталған.
Соған қарамастан, ер адам Қаражалдағы мектептердің біріне жүргізуші болып жұмысқа қабылданып, "ПАЗ-423470" маркалы автобуспен оқушыларды тасымалдаған.
Прокуратура мұндай жағдайда 129 оқушының өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенін мәлімдеді. Өйткені жүргізуші дыбыстық белгілерді толық ести алмаған және жолдағы төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету мүмкіндігі шектеулі болған.
Тексеріс барысында жүргізуші мен білім беру ұйымының басшысы арасында жақын туыстық байланыс бары да анықталған.
Прокурорлық қадағалау актісінен кейін жүргізуші мектеп автобусын басқарудан шеттетіліп, жауапты тұлғалар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.