Дерттібек - жаңа бейне (рецензия)

Dalanews 05 сәу. 2016 03:39 1362

Бір демде суытпай оқып шыққан кітап туралы «тұтас қамтып» ой толғау емес, оқушы есебінде алған әсерімді бөліскенді жөн көрдім.

Ерболат батыл жазады. Өмірдің қалтарыс, құбылыстарын «қойма ақтарғандай ақтарып» (М.Әуезов) жазу дарыған, қазіргі дәнемеге селт етпейтін жартылай жансыз механизмге айналған, кеудесіндегі жүрегі бөтен пиғылмен ғана тыным таппай тулайтын пенде шіркінді біртүрлі шамына тиіп, қолайсыз күйге түсіретін әсер туғыза алатын сиқыры бар.

Адам баласын бағзы дүниеден бері қуалап келе жатқан кереғар шарпысулар – атамзаманнан бері көркем әдебиеттің таусылып бітпейтін қорегі. Қай дәуір, қайсы кезеңде де өзектесіп қатар ағатын адал мен арам, ақиқат пен алдау, ар мен азу Ерболаттың шап-шағын әңгімелерінде тарихи тұғыры шайқалмай ғұмырын жалғай беретінін қашанғы қаны тамған көркемдік шындықта бір жасап қалатын тозбайтын дәстүрімен тағы да тойлайды.

[caption id="attachment_14677" align="alignright" width="299"]DSCF71791 Ерболат Әбікенұлы[/caption]

Ерболаттың «Министрі» туралы еміс-еміс естідім. Оқымаған едім. «Жалын» баспасының «Жас толқын» сериясымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша 2015 жылы жарық көрген «Желтоқсан ызғары» прозалық жинағында қайта басылыпты.

Кітаптың шағын аннотациясы көкейдегіні дөп қамтыған. Жас жазушының қолтаңбасын айқындайтын айғақты арқауларға мән беріліпті. Жалпақ жаһандағы әңкі-тәңкісі шыққан таныс-бейтаныстан өлсең айрылғың келмейді. «Пәлі, Ерболатымыз мықты болып шықты-ау!»  деп көзің дымданып отырып құпия бір қуанышпен жымиясың. Ерболат бүйрегін тым бұрып, түгін қалдырмай ақтарып, аяп, араша тұруға асығып, ара-тұра айыптап отырған «кішкентай пенделерді» туған-туысқан, түп-тұқиянымен табыстырып, тоғыстырмаса болмайды екен деп әбігерленесің. Есіме бала кезден етене болған баяғы Гоголь, сол кәдімгі Достоевскийлер алдымен түседі. Апыр-ай, ә, Гогольдің «Шинелінің» шалғайы бүгінді де қамтып жатқанын қарашы деп, түбіне жеткізбейтін бей-берекет ойлардың тұңғиығына тартыласың...

Не дегенде де Ерболат ерледі. Оның жазу мәнеріндегі жатық жаңашылдық мойындатты. Бүгінгі уақыттың, бір кездерде аса өтімді болған замандас адам аталған кәдімгі күнде көріп жүрген кісілердің бір шоғыр типтік – етене кескіндерін сырт қалып, түр-тұрпат, ішкі иірім, жықпыл-қалтарысымен тұтас иланымды қалпында көркемдік айналымға қосыпты.

Қаламгер атаулының туабітті мұраты – азамат ердің жүгін көтеруге бел байлаған Ерболат прозасындағы әлеуметтік жанайқай бей-жай қалдырмайды.

Жазушының бірінен бірі өтіп жұтынып тұрған қысқа әңгімелерін жоғалтқанымды тапқандай, ол аз болса жаңа бір күтпеген табысқа кенелгендей серпіліп, сергіп, қуана оқып шықтым.

«Қасірет» әңгімесі адамзаттың өзіне өзі опасыздық жасауының атып кеткен аяр, аяқталмайтын ауыр ісінің еңсені көтертпейтін қолайсыз, аса бір бақытсыз шерін қозғайды.

Әңгіме замананың топалаң ағыстары тоқтаусыз жайпап өтіп, тәлкек қылып, күйбең өмірінің дағдысын бұзып, құрбандыққа шала салатын кішкентай адамдар туралы.

Аталған әңгімеде құрбан болған расымен де, тура мағынасындағы кішкентай адам – бұйрықтан бұрын өлім жазасына кесілген іштегі періште сәби.

Ерболат әңгімесін қара базар ерте қартайтайын деген жас әйелдің ағымды тіршілігіне төніп келе жатқан опаттан ойран салып өксітіп кететін қауіп еткен қайғысын төндіре түсіп баяндап бастайды. Жанын шүберекке түйген жас әйелдің айналасы тұтас жау. «Баланы алдыр!» – дейді күйеуі. «Сенен де зорғыға істегенбіз», – дейді ақша көрсе ешкікөзденіп кететін істігін сумаңдатқан оташы.

Әйел сорлының көп қасіретінің ішіндегі ең сорақысы туралы ішкі күй қайшылығы, сыртқы сансыраған қалып – барлығы ауыр, ашық алынып, қайырсыз қоғамына, заманына, әлдеқанша ғасырдан бері бет-жүзі шімірікпей шамасыз, шарасыз жан иесін өмір құқынан айырып келе жатқан жалмауыз пиғыл жат жүрек адамзатқа қайтарусыз айып жүктелген.

Жазушы жан қыжылын үйіп-төгіп айтып, баяндап жатпайды. Ситуацияны егжей-тегжейлі бейнелеп, суреттеп, баяндап отырады. Жас әйелдің тән азабын сезінтуінде, зардабы ауыр жан азабы бой көрсетіп тұрады.

«Сосын құлағына өкпе-бауырды табаққа болп еткізіп тастай салғандағыдай дыбыс келді. Дәрігер қызыл шақа нәрестені, жаралының тәнінен алынған оқты тастағандай-ақ селқос түрде тегешке лақтырған болатын. Сол сәтте бейкүнә нәресте енесі жеріп, таңдайына бір тамшы уыз тамбастан, шуы да жаланбастан, жарық дүниені көре сала өлер алдындағы, жағы қарысқан қозы құсап, аузын жарты минуттай керіп ашты да, қанға малшынған денесін бір дір еткізіп барып, жан үзді».

«Көтеу» әңгімесінде, тағы да басқа бірнеше «Бір қой», «Елу теңге», «Ампутация» сынды туындыда жазушы айнала пұл билеген заманның айла қуып, амал сауып ақша табу жолында арзан азып, жолдан тайған бақытсыздығын, жандалбасалығын әр қалыпта, бар қасірет-ұятымен топырлатып тізіп қойып көзге шұқиды.

Дәрігерден жұмыстан қалған күндеріне анықтама ала алмаған Алмас келесі қабылдауына қамданып келген.

«Кешегідей емес Алмастың еті үйреніп қалыпты. Ноқтаға басын тосқан яки ауыздықты өзі-ақ қарш еткізген момын жылқыдай, бөксесін ананың алдына тосты. Анау болса сол бөксеге еңкейе түсіп, көзі жарқ етті.

– Ішінде ақша ма бірдеңе тұр, – деді діріл аралас дауыспен, толқығанын жасыра алмай.

– Ол енді сенікі, – деді Алмас, бірден «сенге» көшіп.

– Менікі дейсіз бе? – деді анау «сеннен сізге көшіп» кішіпейілдік байқата. Ұят болмай ма?

– Ал, – деді Алмас тағы да.

– Рахмет. – Сөйтті де шиыршықталған көк қағазды асқан шеберлікпен суырып алып, халатының жан қалтасына сүңгіте қойды. Алмас шалбарын көтеріп, белбеуін түймелеген кезде, бар ілтипатпен, асқан мейірімділігін төге отырып көмектесіп жіберді».

Жазушы, әрине, бұл жерде әсірелеп отыр. Бірақ иланымды. Қалай алса да кеше жөн сөйлеспеген дәрігердің бүгін ақша алғаны, ақша алған соң қатталып, мөрленіп тұрған дайын анықтамаға Алмастың аты-жөнін жаза салып, қолына ұстатқаны рас.

Ерболаттың жазу шаруасына пісіп-қатқан дайындығы, арғы-бергі әлемдік мұраның тұнығынан қанып ішіп сіңіргені, қайсыбір шеберлік тәсілдерді шығармашылықпен, оңтайлы кәдеге жаратып отырғаны, дүниенің небір бұлтарыс, қалтарысын кәнігі шебердің батылдығымен, талғампаздығымен, тартыншақтамай еркін дөңгелетіп тастап отыратыны, тіл қолданыстағы бұзылмаған таза тезге салынып, нормамен қырланып қор болмаған бай сөздік қор сәулелері – қазіргі қазақ әдебиетінің бой көрсетуіндегі нышанды белгілер.

Байырғы дәстүрлі ағайыншылық, адамшылықтан ырықсыз алыстаңқырап бара жатқан қоғам, дағдылы үлкендік институттардың ыдырауы, жас адамның үйірге қосылып, ортаға тартылуындағы тосырқаулар мен тосылулар – қазіргі уақыттың шындығы.

Ерболат «Кіші ғылыми қызметкер» әңгімесінде екұдай, тіпті мүлде беймәлім бұлыңғыр өмір ортасындағы жас жігіттің күйкілік дертінен зардап шегіп жүрген қасіретін аяусыз шыншылдықпен бір күннің оқиғасы аясында түгін қалдырмай тәптіштеп, әр сәт, әр оқиға, әр детальға заманалық жүк артып, жүректі орнынан қозғап, уайымға бөктіріп суреттеп баяндайды. Дерттібек кәдімгі көп айтылатын, көркем туындыдағы типтік бейне деңгейінде тұр. Оның өмірінде шаттық тапшы (қызы мен әйелінің қасында ғана болар – Қ.М.), шалқымайды, тасый алмайды. Анау да, мынау да қожа. Расын айтқанда қазір қожа көп. Алпыс, жетпіске келгендерге де қоқаңдап жүргендер, өзінен сәл төменнің төбесінде ойнайтындардың заманы білдірмей, біртіндеп бұзылмастай орнығып алды.

Дерттібектің Ерболат шығармасындағы замандас, құрбыларының көпшілігі бір тектес өмір сүріп жатыр. Тұрмыс билеген заман дәнемеге дес бермес жиырма бестің мысын басқан. Ерболат әңгімелеріндегі кейіпкер жас адамның жанында жалау болып жүретін жас келіншек иба, әдебімен, ерін пана тұтқан қазақы қалпымен көрінер еді. Енді, өмір болған соң ала да, құла да бар дегендей, бұзық ниет жеңіл әйелдер де образь деңгейінде ашылған әңгімелерді де есте ұстаймыз.

Жазушы кейде шығармаға болмағанды болғандай етіп кіріктірсе, онда бұл – жазу мақсатына жетер жолдағы қалаулы бір тәсілі.

«Дамбал» әңгімесіндегі адам нанғысыз әрекеттер жазушы Ерболаттың осалдығы емес – тапқырлығы. Осындағы ащы әжуа, мазақ баршамызға бағытталған. Қазақы жайдақ дарақылық, өзін төмен қойып, өзгенікін әсіре дәріптеуге құмар, құштар болу қанымызға қайдан сіңсе де, сіңіп қалған.

Жазушы шығарманы жедел ширақтықпен оңтайлы қалыпқа лайықтап құрады. Оның қаламына кейіпкерінің түп пиғыл, шама-шарқын әйгілеп отыратын табылған диалогтың сөз үлгілері әр кіргізіп, нәр құйып отырады.

«– Дәріханаға лып етіп барып, келші, – деді Шайхан оған. Сабырлы да, бәсең үнмен. – Қаным өрлеп кетті-ау деймін. Басым ауырып тұрғаны. Бүйте берсеңдер ұстаздарыңды өлтіріп тынасыңдар ғой! Сосын сендерді кім сүйрейді. Қамдарыңды кім ойлайды, – деді аянышпен ыңырана сөйлеп».

Ерболат әңгімелерінде Алматының абыржыған алаңкөңіл жас адамның көзімен қарағанда жылуы қашып, сұлулығы бәсін төмен түсіріп, сұрықсыз қырларымен көрінетін тұстары – күнде мейрам емес өмірдің сұр киімді шындығы.

«Ол күні Алматының аспаны түнекке шомып тұрған. Қан жұтқандай сүреңсіз еді. Қайғы тұнған жылаңқы жұлдызы, аларған айы тым мұңлы, тым жұпыны болатын. Жаяу жүрсең сайқал көшесі, тізеңді мүжіп, табаныңды қыздыратын» «Елу теңге» әңгімесінде аш қарын, шаршаңқы бозбалаларға Алматы жатбауыр қала. Адамы алдайды, арбайды, реті келсе қорлаудан да тайынатындай емес. Осында термин сөздің тізім қатарын «байытқан» оралман атауын иеленген екі жастың бір кешкі күйінен тұтас бір уақыттың қаттылығы, жатқа келгенде жапырылып, елім деп, еңсе көтеруге келген бір туған бауырды бөтенсінудің өзіміз көз көрген астарсыз айғағы көз алдымызға көлденең тұрады.

Ащы. Бірақ – шындық. Ғасыр асқан сағыныш, аңсау, ынтық көңілге елжірегеннен едіреюіміз басым болды. Бірталай жұртты үркітіп, шошытып алдық. Олардың көбі мұндағы сыйқымызды көріп қазақта қасиет қалмапты-ау деп қан жылаған.

Ерболаттың прозасы қанық бояулы сараң суреттеулермен өмір ажарын ашады. Оқиғаның басталуы, даму шырғалаңы, шарықтау шегі асып-төгіліп ықшам, тығыз баяндалады да, көбіне шешімі «ойда қалып», оқушыға қарай ысырылып тастап аяқталады.

Күнде бастан кешіп жүрген ортақ кептен, рухани жадап, жабайыланудан шығар жол қайсы? Не істеу керек? Кім кінәлі?

Жазушының отта тұрған сүтін қарап отырған келіншекті кірпік қақпай қалтқысынан көз жазбаған балықшыға балауы, оның адам амалсыз қалғанда тоқтаусыз жауатын жаңбырлы күндері; өмір кикілжіңдерінде малтығып жүргенде тізеден жауатын қар; т.б. тіршіліктің әдейі жасағандай ғайыптан қиюласа кетіп тұратын қосөзен ағыстарын көркемдік өзегіне тартуында кәнігі ұсталық көзге ұрады.

«Қыжыл» әңгімесінде ерлі-зайыпты ғана емес, қадір білмеудің түбі қайырлы болмайтынын меңзейтін қалың астар меңзелетіндей...

Ерболат Әбікенұлының «Желтоқсан ызғары» кітабын әлем әдебиетіндегі өзім танитын теперіш көрген кейіпкерлерді қайта-қайта есіме түсіріп отырып оқыдым.

Қоғамға қыжыл, ұлттық намыс, ар-ождан жалауы желбіреген, жеке тағдырлардың адамдық аңсар, алданған, жалғанған үміті, кеудесін тепкілеген жүрек атойы бейтарап қалдырмайтын, аннотацияда атап айтылғандай «лиризм мен сатираның, психология мен натурализмнің ұштасуында» туған, «өткір тілді», «философиялық» шығармалары тұтас бір дүниенің құрамды бөлшектері – жеке тараулары сынды әсер қалдырған Ерболат Әбікенұлының осы кітабындағы жабық жатқан көмбелер туралы оқушы жұртшылық үнсіз қалмас, бағасын толық берер.

Жас буынның осы бір мастанудан таза жарқын жүзді, кісі болатыны кішіктігінен белгі беріп тұратын, намыс отының жалыны басқаны да шарпи бастаған лайықты өкіліне «Желтоқсан ызғарында» сәл пісуі жетпеген, өмірде болса да жалаңдау шыққан да тұстар көзге түскенін тілектес көңілден айтқым келеді. Негізінде, Ерболат ешкімнен жөн сұрайтындай емес, жазуда жолын тапқан мықтының бірі ғой.

Қанипаш Қайсақызы МӘДІБАЙ,


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ


профессоры, ф.ғ.д.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар