«Панамалық құжаттарға» сәйкес, 2012 жылы қырғыздың алтын кен орындарын сату аукционына қатысқан Redgold Estates Azerbaijan Ltd компаниясын Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің отбасы басқарады.
11 алтын және бір көмір кен орны қойылған аукционға әр елден 35-тен аса компания қатысқан. Сауда 2012 жылдың тамыз айында Қоғамдық телерадиокорпорацияның тікелей эфирінде өтуі тиіс еді.
Redgold Estates Azerbaijan Ltd Қырғызстанның әр өңірінде орналасқан Қорған-Төбе, Балықты, Қара-Кече, Тұйық, Чакмак-Суу кеніштерін сатып алуға ынта білдірген. Алайда аукционды тікелей эфир таратып отырған телеарнаның студиясына басып кірген жергілікті ұлтшыл қозғалыс өкілдерінің әрекеті тоқтатып тастады. Олар барлық инвесторды ғимараттан қуып шығып, ұлттық байлықты сатуға жол бермейтіндерін мәлімдеді.
«Панамалық құжаттар» — офшорлық компанияларды тіркеу және олардың жұмысын жүргізу бойынша қызмет көрсететін панамалық Mossack Fonseca заңгерлік компаниясына тиесілі аса көлемді құжаттардың жиынтығы. Көптеген әлемдік саясаткерлер мен танымал тұлғалардың офшорлық есепшоттары туралы деректерді шетелдік журналистерге осы компаниядағы құпия дереккөз берген. Бұл құжаттар бойынша, Лейла және Арзу Әлиевтер Әзірбайжандағы алтын кеніштерінен түсетін табыстың 70 пайызын иемденеді деп көсетілген.