Депутаттың көпшілігі адал, таза. Оларды мына жүйе «сындырып» тастаған - сарапшы

Dalanews 15 мам. 2020 13:31 707

Саясаттанушы, Ұлттық кеңестің мүшесі Ерлан Саировтың пікірінше Парламент депутаттары өздерін халықтың өкілінен гөрі, заң шығарушы деп есептейді.




«Мәслихат депутаттары бюджетті бекітетін әкімдердің жеке конторын елестетеді.
Яғни, қай деңгейді алып қарасаң да, заң шығарушы жүйе халықтың мұңын ойлаудан гөрі, мемлекеттің қызметшісі тәрізді. Депутаттар өздерін солай сезінеді де. Заң шығару тармақ, Мемлекеттің заң шығарушы органы деген жаңсақ пікір қалыптасқан.

Міне, бұл бұрыс бағыт. Өкінішке орай, бүгінгі депутаттарды солай "тәрбиелеп" қойған», - дейді Саиров.

Оның ойынша бар мәселе – жүйеде. Жүйе дұрыс емес.

«Біз нақты депутат тұлғалар жөнінде емес, жүйе жөнінде айтып отырмыз. Депутаттардың басым көпшілігі таза, адал, патриот азаматтар. Өзіміздің танысымыз, біреуіміздің туысымыз, біздің қатардан шыққан.
Бірақ, жүйенің ішіне кіргенде өзгереді. Жүйе оларды "сындырып" тастайды.

Заң шығарғанда да біздің депутаттар, "мемлекет мүддесі" тұрғысынан қарауға тырысады.

Ал сол мемлекетте азаматтардың тұратындығын, азаматтарсыз мемлекеттің болмайтындығын, заңның азаматтарға қолайлы болуы керек екендігін ойларынан шығарып алады. Мәселе осында», – дейді саясаттанушы.

Оның пікірінше депутаттар заң шығарғанның өзінде азаматтарға қолайлылық жағын баса ойлауы керек. Өйткені, мемлекет дегеніміз азаматтар.

«Тағы бір мәселе, депутаттар моральдық беделі бар, алғыр болулары керек. Пандемия кезінде қай халық қалаулысы бір әлеуметтік инициативамен шықты?
Өкінішке орай, жоқ.
Қазір интернет заманы, ақпарат көп. Шетелде депутаттар әр-түрлі әлеуметтік инициативамен шығып жатады. Бізде жоқ. Сондықтан, қоғам депутатқа кермек қарайды.
Заң шығарушы тармақтың халық алдында беделі бар, ықпалды тұлғалармен толықсыған, өзінің ойын ашық жеткізуге қабілетті азаматтардан қүралғаны жүйеге қажет. Егер Парламент мығым, мықты болса, жүйе орнықты болады.
Парламент шын мәнінде Өкіметке әсер ете алатын болса, әділеттілік принциптері пайда.
Парламент саяси әр-тарапты болса, көше стихиясы саябырсынады. Саяси әсіре ағымдар азаяды.
Халық өзінің шынайы қалаулыларының бар екендігіне көз жеткізген кезде, жүйеде тұрақтылық пайда болады. Сондықтан, Парламенттің рөлін арттыру керек...», – дейді сарапшы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар