Депутат Ирина Смирнованың жақын танысын бұрынғы күйеуі өлтіріп кете жаздаған

Көркем Алдабергенова 17 қаң. 2025 11:48 1144

Алматы облысы, Қарасай ауданында мұғалім болып қызмет атқарған әйелге бұрынғы күйеуі шабуыл жасап, ауыр жарақаттаған. Оқиға әйелдің өз үйінде болған. Жәбірленуші шамамен бір жыл бұрын күйеуімен заңды түрде ажырасқан. Жәбірленуші әйел Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың жақын танысы болып шыққан, деп хабарлайды Dalanews.kz

Бұл оқиға туралы депутаттың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, экс-әріптесінің бұрынғы күйеуі үйдің қақпасын сындырып, есікті күшпен ашып кірген. Ол инсульт алған науқас әкесін төрт сағат бойы байлап, қорлап, кейін үйге келген бұрынғы жұбайы мен онымен бірге еріп келген танысына шабуыл жасаған. Әйелдің іші мен кеудесіне бірнеше жарақат салынған, әкесі қатты соққыға жығылған, ал үйде болған үшінші адам бас сүйек-ми жарақатын алған.

Полицияның әрекеті

Жәбірленушілер «жедел жәрдем» шақырып, одан кейін полицияға хабарласқан. Алайда полиция бөлімінде бір сағат бойы ешкім оларға назар аудармаған. Депутаттың дерегі бойынша, жәбірленушілерге сол мезетте медициналық сараптамадан өтуге де мүмкіндік берілмеген. Шағымдарын әрең қабылдаған полицейлер оқиға орнына жедел тергеу тобын жібермеген, сондай-ақ ресми қабылданған арыздың көшірмесін бермеген.

Алғашқы шабуыл емес

Бұл – әйел адамның бұрынғы күйеуінің алғашқы шабуылы емес. Бұған дейін де ол үйге ұрланып кіріп, мүліктерін қиратып, көлікке зақым келтірген, экс-әйелін қорқыту мақсатында түрлі әрекеттерге барған. Жәбірленуші бірнеше мәрте полицияға арыз түсіріп, қорғауды сұрағанымен, еш нәтиже болмаған.

Күдікті – Түркия азаматы, Алматы облысында құрылысшы болып жұмыс істеген, қазір жұмыссыз. Жәбірленуші оның жазасыз әрекеттері енді кісі өлтіруге дейін баруы мүмкін деп қауіптенеді.

Депутат бұл оқиға Алматы облысында полиция қызметіне қатысты өзгеріс байқалмайтынын, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы арыз-шағымдардың тиісті деңгейде қаралмайтынын тағы да көрсетті дейді. Смирнованың сөзінше, құқық қорғау органдары нақты шара қабылдамаса, мұндай жағдай қайталану қаупі жоғары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар