Депутат Нартай Сәрсенғалиев такси жүргізушілерін өзін-өзі реттейтін ұйымға (ӨӨРҰ) міндетті түрде біріктіру және жарна төлеу талабын қарастыратын заң жобасы Мәжілістің қарауынан өтпей, мұрағатқа жіберілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр жаңа заң аясында өзін-өзі реттейтін ұйымдар (ӨӨРҰ) құрылатынын айтқан еді. Оның сөзінше, бұл ұйымдар жолаушылар мен жүктерді тасымалдау тарифтерін белгілеу құқығына ие болуы тиіс болатын.
Алайда Мәжіліс депутаттары бұл бастаманы қолдамады.
"Заң жобасы екінші оқылымға өтпейді. Егер министрлік пилоттық жоба жасап, оның тиімділігін дәлелдей алса, біз оны қайта қарастыруымыз мүмкін. Әйтпесе, бұл құжат мұрағатта қалады. Қарапайым таксистерді қиын жағдайға қалдыруға болмайды", – деді Сәрсенғалиев.
Неге депутаттар бұл заңға қарсы шықты?
- Тарифтерді реттеу құқығы жекеменшік ұйымдарға беріледі
Заң жобасы такси тарифтерін өзін-өзі реттейтін ұйымдардың белгілеуін қарастырған. Депутаттардың пікірінше, бұл монополия қалыптастыруға алып келуі мүмкін. Жекеменшік ұйымдар бағаны негізсіз өсіруі мүмкін, бұл өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушылар үшін тиімсіз болады.
- Жол қауіпсіздігіне төнетін қауіп
Жолаушыларды тасымалдау саласындағы қауіпсіздік шаралары мемлекеттің құзырынан шығып, жекеменшік ұйымдардың бақылауына өтеді. Қауіпсіздік талаптарын сақтауға бағытталған мемлекеттік бақылау әлсіреуі мүмкін, ал бұл адам өміріне тікелей қауіп төндіреді.
- Такси жүргізушілері үшін жаңа қаржылық ауыртпалық
Заң жобасына сәйкес, барлық такси жүргізушілері өзін-өзі реттейтін ұйымдарға кіруге және жарна төлеуге міндеттелетін еді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін қосымша шығын әкеліп, олардың табысын азайтар еді.