Алматыда экс-полиция басшысының жүргізушісіне үкім шықты

Алматыда экс-полиция басшысының жүргізушісіне үкім шықты
ашық дереккөз

Алматы қаласында Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша сот бұрынғы Алматы қалалық Полиция департаменті басшысының орынбасарының жүргізушісіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот судьясы Құсайынов полиция қызметкері А.Ж.-ны кінәлі деп танып, оны ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Бұған қоса, полиция сержанты атағынан айырылып, Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына 86 500 теңге төлеуге міндеттелді.

Мемлекеттік айыптау тарапының мәліметінше, А.Ж. Александр Пактың алкоголь ішімдігін ішкенін және көлікті қауіпті түрде жүргізіп келе жатқанын біле тұра, оны тоқтатпаған әрі әріптестеріне хабар бермеген. Ал қорғаушылар оның мұндай жағдайда әрекет етуге міндетті болғаны дәлелденбегенін және оның әрекеті мен жол апаты арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс жоқ екенін алға тартты.

Еске салсақ, 2026 жылғы 21 наурызда Александр Пак Zeekr маркалы көлігімен Әл-Фараби даңғылында қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан үш адам қаза тапқан. Кейін сот Александр Пакты кінәлі деп танып, оны 10 жылға бас бостандығынан айырған болатын.