Депутат Аманжол Әлтай мәжілісте көлік министрі Марат Қарабаевтан "Сергектен" түсетін миллиардтардың есебін сұрады,- деп хабарлайды Dalanews.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеп.
Мәжілісте көлік министрі Марат Қарабаев жолдардың, көлік инфрақұрылымдарының мәселесі төңірегінде баяндама жасап, депутаттардың сұрағына жауап беріп жатыр. Талқы барысында депутат Аманжол Әлтай цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкинке "Сергек" камераларынан түсетін қаражаттың қанша бөлігі қайда кетіп жатқанын сұраған.
– Айыппұлдардан түскен қаражаттың бәрі де бюджетке түседі. Шарттар әр өңірде әртүрлі. Әр өңірде мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қалай орнатылғанына байланысты. Демек, ол шарттарды әкімдіктер камераларды орнатып, инвестицияны қайтару, операциялық шығындарды өтеу бойынша конкурс негізінде жасаған. Біз қосымша ақпаратты береміз, – дейді Коняшкин.
Әлтай бірақ вице-министрдің бұл жауабына қанағаттанған жоқ.”Қаражаттың қанша пайызы қазынаға, қанша пайызы жеке компания түседі? Айтсаңызшы” деп сұрағын нақтылаған.
– Тағы да айтайын. Әр өңірде пайыз әртүрлі. Әу баста бүкіл айыппұлдардың қаражаты бюджетке түседі. Осыдан кейін бюджеттен инвестиция мен операциялық шығындар өтеледі. Әр өңірде МЖӘ әртүрлі шарттармен жасалған, – деп жауабын қайтарды.
Аманжол Әлтай бірақ бәрібір айтқанынан қайтқан жоқ. Астана қаласында қанша қаражат қазынаға “Сергек” камераларынан түсетінін сұраған. Вице-министр тағы нақты айта алмады.