Депутат мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуға бөлінетін қаржыны қайта қарауды ұсынды

Көркем Алдабергенова 04 нау. 2026 12:38

Мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында мектеп оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтуға бөлінетін бюджет қаражатын жоспарлау жүйесінде бірқатар мәселелер бар екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, «Respublica» партиясының «Шешімдер фабрикасы» платформасына түскен ұсыныстар негізінде мектептердегі тегін тамақтандыру жүйесіне талдау жүргізілген. Соның нәтижесінде бірқатар өңірлерде бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру кезінде жүйелі проблемалар анықталған.

Смолякованың сөзінше, мәселе тек есептеу формулаларына қатысты емес.

«Әңгіме тек есептеу формулалары туралы емес. Әңгіме - балалардың тамағы туралы, бюджет қаржысының тиімді жұмсалуы туралы және мемлекеттік деректердің дұрыстығы туралы болып отыр», - деді ол.

Бюджет артық жоспарлануы мүмкін

Депутат кейбір өңірлерде тегін тамақтандыруға арналған қаржы 170 оқу күніне есептелетінін айтты. Ал шын мәнінде оқу күндерінің саны 165 күннен аспайды.

«Айырмашылық небәрі 5 күн. Бірақ бұл жай ғана цифр емес - бұл миллиондаған бюджет қаражаты», - деді Смолякова.

Ол мысал ретінде Астана қаласын келтірді. Депутаттың айтуынша, елордада 111 мыңнан астам оқушыны бір күн тегін тамақтандыруға шамамен 90 млн теңге жұмсалады. Ал жоспарға артық енгізілген 5 күн бір ғана қалада шамамен 450 млн теңгенің негізсіз қарастырылуына әкелуі мүмкін.

ҚҚС есептеуіндегі мәселе

Смолякованың айтуынша, ел бойынша мектеп тамақтандыруымен 2000-нан астам кәсіпкер айналысады. Алайда олардың тек шамамен 10 пайызы ғана қосымша құн салығын төлейді.

Соған қарамастан көптеген өңірде бюджеттік өтінімдер барлық кәсіпкерлер ҚҚС төлейді деген есеппен жасалады. Депутаттың сөзінше, бұл бюджеттік қажеттіліктің шамамен 16 пайызға артық қалыптасуына әкеледі.

«Ағымдағы оқу жылында мектептердегі тегін тамақтандыруға 192 млрд теңге бөлінгенін ескерсек, шамамен 30 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың артық жоспарлануы мүмкін», - деді ол.

Депутат Астанада мектеп тамақтануын ұйымдастыратын 22 кәсіпкердің тек біреуі ғана ҚҚС төлеуші екенін айтты. Соған қарамастан 14,4 млрд теңге көлеміндегі бюджет ҚҚС-пен есептелген. Бұл шамамен 2,1 млрд теңгенің негізсіз қарастырылғанын көрсетеді.

«Сонда тағы бір сұрақ туындайды: егер бұл қаражат бастапқыда артық жоспарланған болса, неге оны балалардың тамақтануын жақсартуға қайта бағыттамасқа?», - деді Смолякова.

Тамақтану құны мен онлайн сабақтар

Депутат мектептегі тамақтану құны кейбір өңірлерде жыл сайын индексацияланбайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдай кәсіпкерлердің прокуратураға жүгінуіне дейін алып келген.

Сонымен қатар онлайн форматқа ауысқан күндері кәсіпкерлердің шығындары өтелмей қалатыны да мәселе болып отыр.

«Биылдың өзінде 12 оқу күні онлайн форматта өтті. Соның нәтижесінде бір ғана қалада бюджет шамамен 1 млрд теңге үнемдеді, ал дәл осы сома кәсіпкерлердің нақты шығыны ретінде олардың мойнында қалған», - деді депутат.

Статистикадағы айырмашылық

Смолякованың айтуынша, мектеп тамақтануына қатысты мемлекеттік органдар ұсынатын статистикалық деректер де кейде нақты жағдайға сәйкес келмейді.

Мысалы, Оқу-ағарту министрлігінің дерегі бойынша Маңғыстау облысында мектеп тамақтануының құны 900 теңге деп көрсетілген. Ал мемлекеттік сатып алу порталындағы келісімшарттарда бұл баға 543,1 теңге болып отыр.

Депутат мұндай сәйкессіздіктер мемлекеттік статистиканың бұрмалануына және басқарушылық шешімдердің дұрыс емес деректер негізінде қабылдануына әкелуі мүмкін екенін айтты.

Ұсыныстар

Осыған байланысты партия үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, мектептердегі тегін тамақтандыруға арналған бюджеттік өтінімдерді нақты қажеттілікке сай қалыптастыру, ҚҚС есептеу тәртібін біріздендіру, тамақтандырудың ең төменгі кепілдендірілген бағасын белгілеу және тамақтану құнын жыл сайын индексациялау мәселесін қарастыру ұсынылды.

Сондай-ақ онлайн форматқа көшу кезінде кәсіпкерлердің шығындарын өтеу тетігін енгізу және мектеп тамақтануына қатысты статистикалық деректердің дұрыстығын тексеру ұсынылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove