Депутат жол ережесін бұзғандардан айыппұлдың жеңілдігін алып тастауды не үшін ұсынған?

Көркем Алдабергенова 17 сәу. 2025 12:20 871

Сенатор Кожаев жол ережесін бұзушыларға жеңілдік алып тастауды не үшін ұсынғанын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сенат депутаты Марат Кожаев жол қозғалысы ережесін жиі және қасақана бұзатын жүргізушілерге қатысты 50 пайыздық айыппұл жеңілдігін алып тастау туралы ұсынысын Сенат кулуарында түсіндірді.

Еске салайық, биыл 13 ақпанда Марат Кожаев үкіметке депутаттық сауал жолдап, бір апта ішінде төленген айыппұлдарға берілетін 50% жеңілдікті алып тастауды ұсынған болатын.

Оның айтуынша, бұл ұсыныс жол ережесін жүйелі түрде бұзатын азаматтарға қатысты көтерілген. Яғни, заңды әдейі елемей, қайталап құқық бұзатын жүргізушілер туралы сөз болып отыр.

– Қазір заң ондай жүйелі құқықбұзушыларға қарсы дәрменсіз. Олар үшін бұл – жай ғана айыппұл. Мұндай азаматтар күн сайын автобус жолағына түсіп, қоғамдық көлікке кедергі келтіреді, жылдамдық режимін саналы түрде бұзады. Бұл – жас жүргізушілердің бір тобы, қымбат көліктер тізгіндеген, ауқатты отбасынан шыққан жастар. Олар үшін бұл айыппұл – жай ғана «ақылы жол». Жол үстінде еркін жүйткіп, өзгелердің өміріне қауіп төндіреді, – деді Кожаев.

Сенатордың айтуынша, кейбір жүргізушілер жылына 100-ден 150-ге дейін құқықбұзушылық жасайды.

– Мен бұл ұсынысты дәл осындай адамдар үшін көтердім. Егер бір адам бірдей сипаттағы 10 рет бұзушылық жасаса, 11-ші жолы оған 50 пайыз жеңілдік жасалмасын. Бұл жалпы халыққа емес, тек аз ғана топ – өрескел ережебұзушыларға қатысты. Мәселен, 10-нан 50-ге дейін жол ережесін бұзған – 195 мыңдай жүргізуші бар. 50-ден 100-ге дейін бұзғандар – бірнеше мың. Ал жылына 300 және одан да көп құқықбұзушылық жасаған – жүздеген жүргізуші бар, – деді ол.

Сенатор ұсынысы қоғамдық резонанс тудырған болатын. Қазір бұл бастама тиісті мемлекеттік органдарда қаралып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар