Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, түйткілді мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат Назарбаев университеті еліміздің зияткерлік әлеуетінің тірегі, ғылыми-технологиялық прогрестің флагманы екенін айта келіп, маңызды ұсыныс жасады.
"Университеттің вице-президенттері, мектеп декандары мен өзге де басқарушы лауазымдарына кемінде 70 пайыз деңгейінде қазақстандық азаматтарды тағайындау мәселесін қарастыруды ұсынамыз. Бұл стратегиялық басымдықтарды терең түсінетін, заманауи басқару мен білім саласындағы халықаралық тәжірибені игерген ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда "Болашақ" бағдарламасы аясында шетелдің озық жоғары оқу орындарында білім алып, ғылыми дәрежелерін иеленген білікті жас қазақстандықтар бар. Оларға осындай жоғары жауапкершілік жүктелетін лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігін ұсыну олардың шетелге кетіп, басқа мемлекеттерде жұмыс істеуінің алдын алып, ел ішінде қалуына және Қазақстанның ғылымы мен білім беру саласына адал қызмет етуіне жол ашар еді", - деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ, депутат Назарбаев университетінің Жоғары білім мектебі аясында мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен тәрбие ісіне жауапты мамандарға арналған арнайы бакалавриат бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
"Бұл бағдарламаға мемлекеттік білім гранттарын қарастыру арқылы педагогикалық менеджмент және мектепті басқаруға жүйелі кадрларды даярлауға мүмкіндік болады", - дейді ол.
Жұлдыз Сүлейменова ауыл мектептерінің түлектеріне арналған арнайы дайындық бағдарламасын жүзеге асыру қажет деген де пікірін жеткізді.
"Бүгінде Назарбаев университетінің жанындағы Foundation бағдарламасына негізінен қалалық және инновациялық мектептердің түлектері түсіп жатыр. Ауыл мектептерінің түлектері үшін бұл бағдарлама білім деңгейі мен ортадағы айырмашылықтарға байланысты қолжетімсіз. Осыған байланысты ауылдық мектеп түлектеріне бейімделген, әлеуметтік тұрғыдан әділетті әрі қолжетімді арнайы 1,5 жылдық дайындық (foundation) бағдарламасын әзірлеу қажет", - деп түйіндеді ол.