Депутат Аймағамбетов Салық кодексі бойынша жақсы жаңалықты жеткізді

Сағыныш Сардарова 23 мау. 2025 18:02

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Салық кодексі бойынша жақсы жаңалықты жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың сөзінше, жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс барысында бірқатар маңызды ұсыныс енгізген, оның біразы бірден қолдау тапқан. Аймағамбетовтің айтуынша, кейбірі, өкінішке қарай, жұмыс тобының сүзгісінен өтпей қалған. Бұл көбіне Үкіметтің теріс қорытындысына байланысты болған.

"Бірақ бүгін басынан қорғап келе жатқан бірнеше ұсынысымыз бойынша нормаларды сенаторлар қабылдады. Kaspi мен Halyk арқылы ақша аударымдарына ҚҚС салынбайды. Ең қызу талқыланған мәселелердің бірі банктік аударымдарға қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізу болды. Біз бұл бастамаға басынан-ақ ашық қарсы болдық. Өйткені Kaspi немесе Halyk арқылы қарапайым ақша аударсаң, мысалы балаңа түскі асқа аударсаң, осы сомаға тағы 16% салық қосу деген ақылға қонбайды. Бұл адамдарға да, банктерге де ауыр соққы болар еді. Айта кету керек, бұл мәселеде Ұлттық банк те нақты және берік ұстаным танытты", - деді ол.

Тағы бір өзгеріс - инвестициядан түсетін дивидендтерге жаңа салық салмау.

"Келесі мәселе- инвесторлардың дивидендтеріне ЖТС (жеке табыс салығы) салу туралы бастама. Бір жағынан мемлекет халықты “IPO-ға қатысыңдар”, “KEGOC”, “Эйр Астана” сияқты компаниялардың акцияларын алыңыздар деп шақырып жатыр. Екінші жағынан сол акциялардан түскен шағын табысты салыққа байлап қоймақ. Бұл қисынсыз. Біз қарсы болдық. Қазақстанда халықтың көбі инвестицияны әлі де жылжымайтын мүлік арқылы жасайды. Ал бүкіл әлемде бағалы қағаздарға инвестиция салу - қалыпты тәжірибе. Егер бұл норма өткенде, жаңа бастамасымен акция сатып алып жатқан адамдардың өзіне бұл кері әсерін тигізер еді. Енді бұл жеңілдік сақталады", - деді депутат.

Сонымен қатар, баспа басылымдарына 10% ҚҚС салу мәселесі де бар.

"Біз әріптесім Нартай Сәрсенғалиев екеуміз бірнеше рет ұсындық: отандық баспа басылымдарына жеңілдіктер, ҚҚС мөлшерлемесін азайтуды ұсындық. Бастапқыда бұл бастама қолдау таппаған. Бірақ бүгін Сенат оны да қабылдады. Енді баспа өнімдеріне ҚҚС - тек 10%. Бұл дегеніміз - мектеп газеттерінен бастап, аудандық және республикалық журналдарға дейінгі баспа басылымдарына нақты көмек. Бастапқыда қолдау таппаған бірнеше ұсынысымыз ақыры Сенат қабырғасында қолдау тапты", - деп түйіндеді Аймағамбетов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар