Денсаулық сақтау министрлігі желідегі ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдеме жасады

Кәмшат Тілеухан 05 там. 2025 20:24

Әлеуметтік желіде қант диабетімен ауыратын науқастар медициналық көмек пен дәрі-дәрмектер таппай қалып жатқаны туралы ақпарат тарауда. Осыған байланысты салалық министрлік түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі желідегі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын нақтылайды.

"Бүгінде Қазақстанда қант диабеті диагнозы қойылған диспансерлік есепте 535 мыңнан астам адам, оның ішінде 5 625 бала тұр. Олардың барлығы қажетті дәрі-дәрмектерді тегін алады. Мемлекет қант диабетімен ауыратын бір пациентке — жағдайдың ауырлығына байланысты жылына 618 теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін жұмсайды. Егер сіз барлық науқастарға шығыстарды есептесеңіз,онда жылына 46 млрд теңге болады. Барлық мұқтаж адамдарды қамтамасыз ету және өсіп келе жатқан қажеттіліктерді жабу үшін келесі жылдың қаңтар айынан бастап қант диабеті кезінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету МӘМС жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл тұрақты және уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - дейді бұл ретте Денсаулық сақтау министрлігі.

Сондай-ақ министрлік тағы мынандай қосымша ақпаратты ұсынады:

  • Қант диабетімен ауыратын пациенттердің 96%-ы МӘМС жүйесімен қамтылған.
  • Балаларға, зейнеткерлерге, жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға және басқа да осал топтарға мемлекет сақтандыру төлейді.

Сондай-ақ, Денсаулық сақтау министрлігі қант диабетін емдеуге арналған дәрі-дәрмектер тізбесін жаңартты.

  • Тиімділігі дәлелденген препараттар ғана қалады.
  • Жаңа буын инсулиніне — деглудекке қолжетімділік кеңейіп келеді, ол қазір пациенттердің барлық санаттарына, соның ішінде жүкті әйелдер мен балаларға қолжетімді болады.
    Қант диабеті — мыңдаған қазақстандықтардың өміріне әсер ететін аурулардың бірі ретінде әрдайым мемлекеттің ерекше бақылауында болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар