Денсаулық сақтау министрі Өскемендегі болашақ мамандарды дайындайтын оқу орындарының жұмысымен танысты

Ақтоты Жапатова 10 сәу. 2025 11:51 393

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Ол өңірдегі медициналық нысандарды аралап, болашақ мамандарды дайындайтын оқу орындарының жұмысымен танысты, хабарлайды Dalanews.kz

Сонымен қатар елімізде баламасы жоқ гематологиялық орталықтың құрылыс барысын бағалады.

Өскемендегі медициналық колледжде министр оқу кабинеттерін, практикалық дайындыққа арналған құрал-жабдықтарды қарап шықты. Оқытушылар және студенттермен кездесуде Ақмарал Әлназарова медицина білімінде болатын алдағы өзгерістерге тоқталды. Кездесуде оқу бағдарламаларын жаңарту, тәжірибеге негізделген оқытуды күшейту мәселелері сөз болды. Сондай-ақ түлектерді жұмысқа орналастыру, өңірдегі медициналық мекемелермен өзара іс-қимыл және білім беру процесін жетілдіру ұсыныстары талқыланды. Студенттер интернатурадан өту жағдайларын жақсарту мен жас мамандардың жалақысы туралы сұрақтар қойды.

Өскемен қалалық №2 емханасында министр алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету сапасымен танысып, жалпы практика дәрігерлерінің кабинеттерін аралады. Пациенттермен және медицина қызметкерлерімен тілдесіп, алғашқы медициналық буынның маңыздылығын атап өтті.

Құрылыс жүріп жатқан Гематологиялық орталыққа барған Ақмарал Әлназарова жобаның бірегейлігі мен ауқымын ерекше атап өтті. Бұл нысан қан ауруларын анықтау мен емдеудің мүмкіндіктерін өңірде ғана емес, бүкіл ел бойынша кеңейтеді. Құрылыс алаңында Денсаулық сақтау министрі мен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов жобаның негізгі параметрлерін талқылады.

– Министрлік өз міндеттемелерін толық орындады: қаржыландыру көлемі қажетті деңгейге жеткізілді, арнайы мемлекеттік қор есебінен қаражат бөлінді. Ендігі міндет – мердігер компанияның құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтауы, – деді министр.

Жаңа жоғары технологиялы гематологиялық орталық бірнеше корпустан тұрып, түрлі бағытта қызмет көрсететін болады. Нысан іске қосылған соң өңірде ғана емес, республика бойынша медициналық көмектің сапасы едәуір артады.

– Бұл орталық өңірдің медициналық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналады. Енді тұрғындар арнайы, жоғары білікті көмекті алу үшін елордаға немесе ірі қалаларға баруға мәжбүр болмайды. Құрылыс барысы – менің жеке бақылауымда, – деді облыс әкімі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар