Дәрі-дәрмек бағасы арзандайды: Аймағамбетов маңызды өзгерістер туралы айтты

Қаракөз Амантай 25 қар. 2024 11:33 164

Парламент Мәжілісінің депутаты, “AMANAT” фракциясының өкілі Асхат Аймағамбетов дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге бағытталған реформалар жөнінде ақпарат берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың мәлімдеуінше, Денсаулық сақтау министрлігі бағаны реттеу тетіктерін жетілдіру арқылы дәрі-дәрмек құнын төмендетуді көздеп отыр. Бұл бастама халық үшін аса маңызды мәселелерді шешуге бағытталған.

“Денсаулық сақтау министрлігі бағаны қалыптастырудағы бірқатар кемшілікті жоюға кірісті. Қазір кейбір дәрілердің бағасы көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Сондықтан бағаны реттеудің жаңа жүйесі енгізіледі”, – деді Аймағамбетов.

Депутат енгізілетін өзгерістерді атап өтті:

  1. Бағаны тіркеу бойынша бірыңғай тәсіл енгізіледі. Шекті бағаларды қалыптастыру үшін ортақ базалық баға белгіленеді. Бұл дәрі-дәрмек құнының негізсіз қымбаттауына жол бермейді.
  2. Негізсіз шығындар алынып тасталады. Бұрын маркетинг және тасымалдау шығындары 30%-ға дейін жеткен, оған қоса 15% үстеме қосылатын. Енді бұл шығындар қысқартылып, бағаны төмендету мүмкіндігі туындайды.
  3. Көтерме және бөлшек сауда үстемесі төмендетіледі:

• Көтерме саудада – 15-20%-ға дейін;

• Бөлшек саудада – 20-30%-ға дейін.

4. Халықаралық референттік баға енгізіледі. Енді дәрілердің құны ұқсас халықаралық нарықтардағы бағамен салыстырылып отырады. Сонымен қатар, дәріханалардағы бағаға бақылау жүргізу үшін бірыңғай референттеу жүйесі қолданылады. Мемлекеттік органдар ақпараттық жүйелер арқылы объективті деректер алып, бағаны бақылауда ұстайды.

Аймағамбетов осы өзгерістерден күтілетін нәтижелерді де айтты:

• Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және тегін медициналық көмек (ГОБМП) аясындағы дәрілердің шекті бағасы 10-12%-ға төмендейді.

• Көтерме және бөлшек саудадағы дәрі-дәрмек бағасы халық үшін 15-25%-ға арзандайды.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл реформалар халықтың дәрі-дәрмекке жұмсайтын шығынын азайтып, жүйенің ашықтығын қамтамасыз етеді.

“Бұл – дәрі-дәрмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам”, – деді депутат.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар