Қазақстанда Ресей армиясынан өз еркімен кетіп қалған азамат ұсталып, елден шығарылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мәліметке сәйкес, ер адам 2026 жылдың мамыр айында мемлекеттік шекараны белгіленген өткізу пунктінен тыс жерден заңсыз кесіп өткен. Ол алдымен Орал қаласына жетіп, кейін Таразға барған. Сол жерде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны қолға түсірген.
Белгілі болғандай, аталған азамат бұған дейін Ресей армиясында қызмет еткен. Алайда 2025 жылдың жазында әскери бөлімін өз бетінше тастап кетіп, біраз уақыт бойы жасырынып жүрген.
Батыс Қазақстан облысының соты оны Қазақстан заңнамасын бұзғаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот шешімімен ер адам Қазақстан аумағынан шығарылып, оған бес жыл бойы елге кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар оған 865 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалған. Алайда амнистияға байланысты айыппұл төлеу жазасынан босатылды.