"Бүгін күні бойы халықпен бірге болдық, халықпен жүздестік. Арыз-шағымдарын тыңдадық. Әлбетте жұрттың сөзі жөн. Коронавирус, Қытай азаматтарына қатысты қауіптің бәрі орынды. Осы мақсатта 15 адамнан тұратын арнайы комиссия құрамыз. Бұл комиссияның құрамына тек зайсандықтар кіреді. Қатарына қарапайым халық кіреді.
Қай жерде оқшаулау, қадағалау пунктері болады, Қытайдан келген өз азаматтарымызды бақылауға алу қалай жүргізіледі, шекарадағы бақылау шаралары, Қытай компанияларымен қалай жұмыс істейміз мұның бәрін комиссия мүшелерімен бірігіп талқылап, ортаға саламыз.
Халық биліктің қауіпті індетке қатысты қандай шара қабылдап жатқанын білу керек және соның бел ортасында жүруі тиіс.
Дәл қазір шеруге шыққан жұрт тарқады. Олардың барлық сұрағына жауап бердім. Шешілмеген мәселелер күн тәртібіне қойылды, оларды кешіктірмей қолға аламыз", – деді Даниал Ахметов.
Айта кетелік бұған дейін әлеуметтік желіде “қауіпті індет жұқтырған қытай азаматтары Зайсанға жеткізіліп, жергілікті ауруханаға жатқызылды” деген қауесет тараған. Мұны естіген Сартерек және Айнабұлақ ауылының халқы көшеге шығып, жергілікті әкімдіктен мән-жайды түсіндіруді және шекараны жабуды талап еткен.
Бұл мәліметті облыс әкімдігі жоққа шығарды.
Күршім ауданына жоспарланған сапарын кейінге шегерген өңір басшысы шекарадағы ахуалға алаңдаған Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесіп, шекараны бірде-бір шетелдік кесіп өтпейтінін айтты.