Дала дастандары
Олжас Омарұлының поэзиясы жайында ұзақ әңгіме айтуға болады. Өйткені, оның жырлары дала дастандарының заманауи нұсқасы секілді – жаңашылдық пен дәстүрліліктің ортасынан сарқырап аққан ұлы өзен. Егер, поэзия өзінің тамырында тулаған қанның ішкі қуатын сезіп, соны әдемі музыка – сөз музыкасына айналдыру деп ойласаңыз, онда Олжас поэзиясы сөзден музыка тудырғандығымен құнды. Және бұл музыка – ұлттық нақыштағы, қобыз сарынынан тұратын музыка. Орыс тілінде жазылды демесеңіз, кез келген өлеңі ұлттық танымнан сыр ақтарады. Сонау алғашқы жырларынан «Қыш кітап», «Атамекен» жинақтарына дейінгі аралықты алып қараңыз, ақын өлеңдерінің әрқайсысы сыршылдығымен, танымдылығымен, эпикалығымен өзіне тартады. Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбаев секілді марғасқалардың тәржімасы арқылы қазақтілді оқырманның жүрегіне бірден жол тартты. Қазақ ақыны кім десе, ең алдымен ауызға Олжас ілінетін кез болды. Тіпті, орыс ақындарының біразы оны өзіне ұстаз тұтып, ақын өлеңдеріндегі тың тіркестерге, өзгеше шамырқанған мінезге, бөлек танымға тәнті екендерін жасырмады. Кеңес одағын көктей өтіп, өзгеде үйектерде жырлары жарық көріп, көптеген тілдерге аударылды. Әлемнің әдебиетсүйер қауымы Олжас арқылы қазақты танып-білуге ұмтылды.
Әдебиеттанушылар оның өлеңдерінде дала дастандары – батырлар жыры мен жыраулар поэзиясының ықпалы есіп тұратынын айтады. Әсіресе, Ұлы дала тарихын, мәдениетін терең зерделеген ақын жылқыны, даланы, қыпшақтар жайындағы аңыздарды өз өлеңдеріне мейлінше кіріктіре отырып, рухани толғанысты арғы заманаларға жетелеп әкететіндігімен ерекшеленді.
Кеңес одағы Олжас ақынды бір-ақ күнде таныды. Әйгілі «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы оның атағын аспандатып әкетті. Оның жинақтары ұшақ арқылы аспаннан «шашылып», бүкіл баспасөз қазақ ақыны жайында, оның поэмасы туралы екпінді сөздер арнады. Бұл поэмасы едел-жедел өзге тілдерге аударылып, Кеңес жүйесі өз ақынының өр дауысын сездіру үшін арнайы делегация құрып, Америка бастаған Батыс елдеріне сапарлап кетті. Бірақ ақынның ең таңдамалы туындысы осы поэма десек, қателесер едік. Белгілі сыншы, ақын, әдебиеттанушы Әмірхан Балқыбек марқұм «Ұлттың Олжасы» атты көлемді мақаласында «Қыш кітабы» туралы өте жоғары байлам жасайды. «Өз басым Олжас ақынның «Қыш кітап» поэмасын ХХІ ғасырда жазылған поэмалардың ішіндегі ең үздігі деп есептеймін. Бастауын бағзы Шумердің Гілгәмеш жайлы дастанынан алатын бұл поэма жайлы жоғары оқу орындарының дәріс залдарында лекция оқылатын сәттер алдағы күндердің үлесінде екендігіне титтей де күмәнім жоқ» деген баға береді Әмірхан Балқыбек.. Шумер тілі мен тарихына айрықша зейін қоя үңіліп, арғы түркі дүниетанымын жақсы білетін ақынның «Қыш кітап» поэмасы хақында бұдан өзге де ғалымдардың зерттеу мақалалары мол.
[caption id="attachment_10061" align="alignleft" width="240"] Ақын Олжас Сүлейменов пен Қонаев[/caption]
Айтпақшы, ақынның «Адамға табын, Жер, енді» поэмасы жайында түрлі пікір қайшылығы бар. Соңғы жылдары осы поэманың атауын құп көрмей, дінге қарсы, тақырыбының өзінен атеистік ой есіп тұрады деп қарайтындардың қарасы көбейді. Ақында бір жолы поэма атауы үшін өзі де қынжылатынын айтқан болатын.
Зерделі ғалым
Ғалым Олжастың бейнесі ақын Олжастан еш кем емес, бәлкім атағы одан да артық. Оның ғылыми болжамдары мен тек өзіне тән тосын әрі жаңашыл байламдары орысшыл жүйеге жақпағанымен, ғылыми ортаны өзіне жалт қаратты.
"Қазақстанды әдеби тұрғыда әлем картасына енгізген дәл сол (О.С.), себебі, ол шын мөнісіндегі алғашқы халықаралық қазақ жазушысы болды. Олжас қазақтар туралы көп жазды және сол жазғандарымен бүкіл әлемді қызықтыра алды. Мәскеуліктердің оның кітаптарын қалай дүкен сөрелерінен сыпырып-сиырып алып кеткендері менің есімде. Ал, "Аз и Я" кітабы туралы ештеңе айта алмаймын, Бұл менің пір тұтар кітабым...".
Қазақтың тағы бір орыстілді ақыны, бүгінде Америкада тұратын, жырлары көптеген ұлт тіліне аударылған, Мәскеудің әдеби ортасын жақсы білетін Бақыт Кенжеев бір сұхбатында осылай депті. Олжасты мәшһұр еткен шығармасы – «Аз и Я». Бұған талас жоқ. Бұл кітабы ақынды ойшылға, ғалымға айналдырды және әлемді екінші рет өзіне бұрғызды. Бұл жолғы даңқ – шын даңқ еді. Оның сүбелі еңбегінің, терең зердесінің жемісі еді. Ежелгі орыс жыры деп есептелетін «Игорь жасағы туралы жырды» зерттеген ақын одан көптеген көне түркі сөздерін тауып, бұл жырдың алғашқы авторы түркі болуы мүмкін, яки екі тілді тең білетін ақын деген байлам жасайды. Бір кездері орыстарды түркілердің басқарғанын білсе де, білмеске салынған, ақынның бұлтартпас дәлелдеріне өре түрегелген идеология қызметкерлері «Аз и Я» шығармасын жерден алып, жерге салды. Ақынның өзіне де ескертулер жасалып, саяси жүйенің теперіші, қысымы күшейді. Бірақ дәл осы жылдары ақынға елдің, оқырманның құрметі бұрынғыдан да арта түсті. «Аз и Я» қара базарларда сатылып, көпшілік ортада жасырын сұранысқа ие болды. Осы жылдары Олжастың аты қазақтың әр үйінде айтылатын, әрбір қазақ Олжасымен мақтанатын. Оның жырлары мен өмір жолы жайында әдемі хикаялар, аңыздар елді аралап, ақын тағдыры, шығармашылығы қарапайым жұртқа да ықпал етпей қойған жоқ. «Аз и Я»-ны қолдау, оны ақтап алу ұлттың өз мәдениеті, тарихы алдындағы борышы іспетті сезілді. Сол кезде ел басқарған Дінмұхамед Қонаевтың өзі бұл іске енжар қарамай, кітаптың ақталуына атсалысып, ақынды қорғады.
Оның қоғамдық ортадағы белсенділігі мен танымалдылығы 1986 жылы Алматыда өткен Желтоқсан көтерілісі кезінде әйгілене түсті. Торыққан, жоғарыға өздерінің талабын қойған жастар бірден Олжас Сүлейменовті іздеп, одан көмек сұрады. Бұл жайлы көтеріліске қатысқан желтоқсаншылар әлікүнге айтады. Кейбір деректер ақынның елге ауыр тиген саяси толқу кезінде жастардан кезігуден қашқанын айтса, енді бір әңгімелерде оның Желтоқсан көтерілісіне қатысып, запы көрген жастарды одақта паналатып, ақталуына көмектескенін, кейбіріне ақшалай да жәрдемдескенін жеткізеді.
Олжас Сүлейменовтің «Жазу тілі», «1001 сөз», «Тарихқа дейінгі түркілер» секілді ғылыми еңбектері ежелгі тіл, мәдениет, тарихты жіті зерттеп, тың байламдар жасап, бір-бірімен өзектес тарихнамаларды ақтарып, түпкі шындықты ашуға құлшынады. Осы еңбектерінің әрқайсысы қоғамдық пікір қозғап, ғалымдардың қызығушылығын тудырды.
Түсінікті және түсініксіз...
Олжас – қоғам қайраткері. Оның өмірі түрлі саяси іс-шараға араласумен өтіп келеді. Ол бір кездері Кеңес одағының бірегей басшыларымен дос болды. Қонаевтың да шапағатын көрді. Ұзақ жыл Қазақстан Жазушылар одағында хатшы, бірінші хатшы қызметтерін атқарды. «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы болып та жұмыс істеді. Сол кезеңде түсірілген фильмдер қазақ киносының классикалық туындылары екені шындық.
Оның қоғамдық ортадағы танымалдылығы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде әйгілене түсті. Торыққан, жоғарыға өздерінің талабын қойған жастар бірден Олжас Сүлейменовті іздеп, одан көмек сұрады. Бұл жайлы көтеріліске қатысқан желтоқсаншылар әлікүнге айтады. Кейбір деректер ақынның елге ауыр тиген саяси толқу кезінде жастардан кезігуден қашқанын айтса, енді бір әңгімелерде оның Желтоқсан көтерілісіне қатысып, запы көрген жастарды одақта паналатып, ақталуына көмектескенін, кейбіріне ақшалай да жәрдемдескенін жеткізеді.
[caption id="attachment_10062" align="alignright" width="360"] Олжас Сүлейменов және Назарбаев[/caption]
Бұдан соң ақын «Невада-Семей» қозғалысын басқарды. Семей полигонын жабу үшін көтерілген халықтың үнін жеткізіп, халықаралық қозғалыстың кең ауқым алуына бар күшін салғаны баршаға мәлім.
Тәуелсіздіктен бұрын халық оны ұлт қорғаны, қазақтың жанашыры ретінде елестетті. Иә, солай ойлады...
Әйткенмен, Олжас Омарұлы жайлы әңгіме Тәуелсіздіктен кейін кері бағытта өзгерді. Енді оны ұлт жанашыры емес, ұлтқа қарсы, Тәуелсіздікті қаламайды, бұрынғы кезеңді аңсайды деп сөгушілер молайды. Бұған ақынның қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына ерте деп пікір білдіруі және Қазақстан үшін толық тәуелсіздік болмайтынын айтуы себеп болды. «Ресейден бөліну – мүмкін емес, – дейді О. Омарұлы. – Біз талай ғасырдан бері бірге келеміз, бірге бола береміз...». Ол талас әлі тоқтаған жоқ. Үнемі Назарбаев саясатын қолдап, елге асықпау керектігін ескертетін оның пікірін әртүрлі топтар әрқилы түсіндіруге әуес.
Қазір 80 жасқа тақаған ақын Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы өкілі.
Ахмет САҒЫНДЫҚ