"Даму" Қоры Қызылорда кәсіпкерлеріне көмектеседі

Dalanews 27 мам. 2016 04:28 760

 «Даму» Қоры мен Қызылорда облыстық әкімшілігі өңірдің шағын және орта кәсіпкерлерін мақсатты түрде қаржыландыруды бастады.

Бұл жайында «БайқоңырИнвест» VII Инвестициялық форумында«Даму» Қорының басқарма төрағасы Қаныш Тулеушин мәлімдеді.

«Қызылорда облыстық әкімшілігі мен «Даму» Қоры өңірдің шағын және орта кәсіпкерлігіне 1,5 млрд теңге бөледі. Осы дүйсенбіден бастап кәсіпкерлер аймақтағы екінші деңгейлі банктерге барып, бизнес үшін несие алуына болады.Бұл несиенің сыйақы мөлшерлемесі жылына 8-ақ пайыз болатынын да айта кету керек. Қазір бизнесті несиелеу нарығында мұндай оңтайлы жағдай еш жерде жоқ. Несие негізгі жабдықтарды жаңғыртып, жаңасын алу үшін 5 жылға дейін, айналымдағы қаражатты толықтыру үшін 3 жылға, 20 млн теңгеге дейін беріледі. Аталған бағдарлама аясында қаражат алған кәсіпкерлер банк алдында кепілзаты жетпеген жағдайда Қордың кепілдемесін де пайдалана алады»,- деді Форумда сөз алған қор басшысы.

«Даму» Қоры 2016 жылы өңірлерді нысанды қаржыландыру бағдарламасына 24 млрд теңге бөлді. Қаражат екінші деңгейлі банктер арқылы «Даму» Қоры мен облыс әкімшіліктерімен бірлесіп бөлінеді. Ақтөбе, Маңғыстау және Алматы облыстарында бизнесті несиелеу басталып кетті. Қалған облыстарда кәсіпкерлікке деген жеңіл несие жазда беріле бастайды.

Қызылорда облысында 2010 жылдан бері индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енген 559 жоба пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиеге кепілдеме беру немесе жеңілдікпен несиелеу секілді «Даму» Қорының қолдауларын пайдалана алды. Жалпы құны  41,4 млрд теңге болады. Салаға бөліп қарар болсақ, көш басында:

Құны 5,3 млрд теңге болатынкөлік-логистика саласындағы 115 жоба;

Құны 4млрд теңге болатынтамақ өнеркәсібі саласындағы 101 жоба тұр.

2 млрд теңгеге 46 қонақ үй салынды.

1,3 млрд теңгеге құрылыс материалдарын шығаратын 44 зауыт салынды.

Қызылорда облысы бойынша индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына кірмеген 695 жоба да «Даму» Қорының қолдауын көріп, жалпы құны 19 млрд теңге қаражатқа қол жеткізді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар