"Дала Қырандары" 27 қалада рейдтік іс шаралар өткізді

Самал Асқар 05 қаң. 2026 17:36

2026 жылғы 5 қаңтарда Дала Қырандары жастар қоғамдық бірлестігі ел аумағында жаңа жылдың алғашқы рейдтік іс шаралары мен азаматтық бақылау акцияларын өткізді. Бастамаға Қазақстанның 27 қаласынан шамамен 1700 белсенді қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жаңа жылды нақты әрекетпен бастаған қозғалыс мүшелері қалалардың көшелеріне шығып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерге назар аударды. Әр өңірде рейдтердің бағыты мен форматы жергілікті жағдайға және өзектілігі жоғары проблемаларға қарай айқындалды.

Бірқатар қалаларда #сатқындар рейдтері ұйымдастырылып, синтетикалық есірткі сатумен байланысты интернет дүкендерге апаратын заңсыз сілтемелер мен көше жазбалары анықталды. Ал басқа өңірлерде заңсыз сатылатын суррогат алкоголь өнімдерін әшкерелеуге бағытталған #суррогат рейдтері өтті.

Астанада қозғалыс жасақтары рейдтік іс шаралармен қаланың барлық аудандарын қамтыды. Әсіресе Көктал, Алматы және Байқоңыр аудандарына басымдық берілді. Бұл аумақтарда заңсыз айналым мен қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелер әлі де өзекті болып отыр.

Байқоңыр ауданының бастапқы нүкте ретінде таңдалуы символдық мәнге ие. Дәл осы жерде үш жыл бұрын суррогат алкогольдің заңсыз айналымын анықтауға бағытталған алғашқы рейдтер басталған. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыс қозғалыстың жүйелі қызметінің бір бөлігіне айналып, жастардың қатысуы тұрақты сипат алған.

Қозғалыс үйлестірушісі Нұрбол Сейткалиевтің айтуынша, Қазақстанда күн сайын алкогольден улану салдарынан бір адам көз жұмады, ал тағы 30 адам алкогольге тәуелділіктің салдарынан қайтыс болады.

Оның сөзінше, жүйелі рейдтердің нәтижесінде елордада суррогат алкоголь сату фактілері айтарлықтай азайған. Алайда кей өңірлерде жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Мәселен, Орал қаласында жақында 1000 литрден астам суррогат алкоголь өнімі тәркіленген.

#сатқындар рейдтері барысында қозғалыс мүшелері жастарды есірткіге жетелейтін граффити мен заңсыз интернет сілтемелерді анықтап, оларды сол жерде жойды. Сондай ақ әрбір тіркелген дерек бойынша уәкілетті органдарға интернет ресурстарды бұғаттау жөнінде ресми өтініштер жолданды.

Қозғалыс үйлестірушісі Нұрғали Тұрсынғазиевтің айтуынша, басты мақсат алғашқы дозаның алдын алу. Себебі синтетикалық есірткіге тәуелділік бастапқы кезеңнің өзінде қалыптасуы мүмкін.

Ал қозғалыс өкілі Мейрболат Тоитов мәселенің ауқымы жедел әрі жүйелі әрекетті талап ететінін атап өтті. Оның мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда бір тоннадан астам синтетикалық есірткі тәркіленген, ал ресми есепте шамамен 200 мың адам есірткіге тәуелді ретінде тіркелген.

Оның айтуынша, бұл үрдіс тоқтатылмаса, алдағы 10 20 жылда мәселе миллиондаған адамның тағдырына әсер етуі мүмкін.

Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, барлық іс шаралар азаматтық жауапкершілік пен алдын алу мақсатында өткізілген. Рейдтер барысында жиналған мәліметтер қолданыстағы заңнама аясында тиісті мемлекеттік органдарға жолданған.

Бастама Мемлекет басшысы айқындаған Заң және тәртіп қағидаттарына сай келеді. «Дала Қырандары» қозғалысы алдағы уақытта да елдің барлық өңірінде жүйелі жұмысын жалғастырмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар