Daily Mail: Ирандағы соғыс кезінде Трамптың физикалық және психикалық жағдайы күрт нашарлаған

Daily Mail: Ирандағы соғыс кезінде Трамптың физикалық және психикалық жағдайы күрт нашарлаған
Дональд Трамп. Фото: Peter Kramer/NBC via Getty Images

Британдық танымал журналист Эндрю Нил Daily Mail басылымындағы мақаласында АҚШ президенті Дональд Трамптың соңғы уақытта физикалық және психикалық жағдайы айтарлықтай нашарлап бара жатқанын жазды. Оның пікірінше, бұл Трамптың көптеген мәселеге, әсіресе Иранға қатысты ұстанымының жиі өзгеруіне әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналист Вашингтондағы саясаткерлер мен президентті тұрақты көріп жүрген адамдар арасында Трамптың денсаулығы жиі талқылана бастағанын айтады. Нилдің сөзінше, бірнеше дереккөзі президенттің "көз алдында әлсіреп бара жатқанын" жеткізген.

Ол мұның бір ғана сәтсіз сөйлеген сөзіне қатысты емес екенін атап өтті. Журналист бірқатар белгінің қатар байқалғанын жазды. Олардың арасында қатты шаршау, зейін қою қабілетінің төмендеуі, сөзінің шатасуы, жаңылыс сөйлеу, жүрісінің баяулауы және сыртқы келбетінің өзгеруі аталады.

Нилдің мәліметінше, президенттің айналасындағы адамдар оған түсетін жүктемені барынша азайтуға тырысып жүр. Кездесулер саны қысқарып, Трамптың кестесінде тек маңызды іс-шаралар қалдырылған.

Журналист президент жағдайының Иранмен қақтығыс басталып, жұмыс көлемі күрт артқаннан кейін нашарлағанын алға тартады. Оның айтуынша, Трамп бұрынғыдан ашушаң әрі агрессивті бола түскен, ал айналасындағылар бұған қалай әрекет ету керектігін білмей отыр.

Сонымен бірге Эндрю Нил қолында медициналық диагноз немесе президенттің денсаулығына қатысты ресми құжат жоқ екенін мойындады. Ол тұжырымдарын өзінің бақылаулары мен Вашингтондағы дереккөздермен сөйлесуге сүйеніп жасаған.

Мақала авторы Эндрю Нил оңшыл-орталық көзқарастағы классикалық консерватор саналады. Ол бұрын Трампты жүйелі түрде сынаған журналистер қатарында болмаған, керісінше солшыл саясаткерлер мен АҚШ демократтарына жиі сын айтқан. Сондықтан мақалада автордың саяси бейтараптығына қатысты осы жайт та ерекше көрсетілген.

Daily Mail жарияланымынан кейін Израильдің Walla басылымы физиотерапевт Адам Джеймстің мәлімдемелерін келтірді. Ол Трамптан кейінгі уақытта жағымсыз иіс шығатыны туралы өзіне анонимді хабарлама келгенін айтқан. Джеймс мұны зәр ұстай алмау, жүрек немесе бүйрек жеткіліксіздігімен байланысты болуы мүмкін деп болжаған.

Алайда басылым бұл мәліметтердің сенімсіз екенін ескертеді. Адам Джеймс Трампты жеке тексермеген, оның медициналық құжаттарын көрмеген және ақпаратты аты-жөні белгісіз адамның хабарламасынан алған.

Walla Джеймстің бұған дейін де дәлелсіз болжам жасағанын атап өтті. Ол бес ай бұрын Трамптың төрт ай ғана өмірі қалды деп мәлімдеген еді. Сондықтан оның зәр ұстай алмау, тамыр ішіне дәрі қабылдау, жүрек немесе бүйрек жеткіліксіздігі туралы сөздерін медициналық ақпарат емес, расталмаған интернет қауесеті ретінде қабылдау қажет.

Эндрю Нил өз мақаласында Трамптан жағымсыз иіс шығатынын, оның жаялық қолданатынын немесе бүйрек жеткіліксіздігіне шалдыққанын айтпаған. Дегенмен кейінгі апталарда кейбір америкалық басылымдар президентпен кездескен адамдарға сілтеме жасап, одан жағымсыз иіс сезілгені туралы жазған. Бұл мәліметтер де ресми медициналық деректермен расталмаған.

Жағдайдың бір ерекшелігі — 2024 жылғы сайлау науқанында Трамп пен республикалықтар Джо Байденнің жасы мен денсаулық жағдайын негізгі саяси тақырыптардың біріне айналдырған еді.

Олар Байденнің сөзден жаңылуын, ойын жоғалтып алуын, баяу жүруін, көпшілік алдында бағдарын жоғалтқандай көрінген сәттерін және жұмыс қабілетінің төмендеуін жиі алға тартты.

2024 жылғы маусымда Байден мен Трамптың дебатынан кейін бұл мәселе күрделене түсті. Ақырында Демократиялық партия басшылығының қысымымен Байден президенттік сайлауға қатысудан бас тартты.

Енді арада бірнеше жыл өткен соң, кейбір сарапшылар дәл осындай сұрақтарды Трампқа қатысты қоя бастады. Алайда маңызды айырмашылық бар: Трамптың когнитивтік қабілетінің төмендегенін анық көрсететін көпшілік алдындағы нақты эпизодтар әзірге тіркелмеген. Оның кейбір іс-шараларда қалғып отырған видеолары мұндай қорытынды жасауға жеткілікті дәлел саналмайды.