Дағыстанда теракт болып, бірнеше адам қаза тапты: Президент Тоқаев мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 24 мау. 2024 09:17 2768

Кеше, 23 маусымда Дағыстанда белгісіз біреулер синагога мен шіркеуге шабуыл жасады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
 
Бүгін таңертең Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты. Қазақстан Президенті құқық қорғау жүйесі арқылы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы адамзатқа қарсы жасалған мұндай әрекетті үзілді-кесілді айыптайды, сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікпен күресу үшін көпжақты ынтымақтастықты дамытуды қолдайды.
Бастапқыда Дағыстанның құқық қорғау органдары бір қызметкердің қайтыс болғанын растады. Тағы алтауы жарақат алды. Бұл туралы ресейлік БАҚ хабарлады. 
 
Кейіннен қаза тапқандар саны 9 адамға жетті. Оның жетеуі құқық қорғау органдарының қызметкерлері. Тағы 25 адам жарақат алған. Дағыстан ІІМ мәліметінше, Махачкалада шабуыл жасаған 4 адам мерт болған.  

Сонымен қатар, Сергокалада белгісіз біреулер полицейлердің көлігін атып тастаған. Салдарынан бір қызметкер жарақат алған. 

Желіде тараған ақпараттар бойынша шабуыл жасағандардың арасында Сергокала ауданының басшысы Магомед Омаровтың баласы да болуы мүмкін. Ал басқа деректер бойынша, теракт жасағандардың арасында оның екі баласы - Осман мен Әділ бар. Дағыстандық басылымдардың мәліметінше, Магомед Омаров отставкаға кеткен. Ал кейбір деректер бойынша, Омаров ұсталған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар