Д. Назарбаева жаңа лауазымға тағайындалды

Dalanews 17 қар. 2017 14:59 694

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар,  қорғаныс  және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева ҚР Сыртқы істер министрлігі қызметінің мәселелері бойынша Қоғамдық кеңестің жаңа төрайымы болып сайланды. Бұл туралы СІМ ақпараты хабарлады.

Кеңестің кезекті отырысы 15 қарашада өтті. Д.Назарбаева осы лауазымда Парламент Сенатының депутаты Бірғаным Әйтімованы ауыстырып, Б.Әйтімоваға Кеңесті басқара отырып атқарған жұмысы үшін алғыс білдірілді.

Өзінің кіріспе сөзінде Д.Назарбаева осы саладағы заманауи талаптар мен жаһандық трендтерге жауап беретін сыртқы саяси ведомство мен азаматтық қоғамның тікелей байланысын қамтамасыз ету Қоғамдық кеңестің басты міндеті болып қалатынын атап өтті.

Күн тәртібіне сәйкес, Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас Ассамблеясының 72-ші сессиясына қазақстандық делегацияның қатысу нәтижелерін, сондай-ақ Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі басымдықтары жөнінде нақты мәліметтер бере отырып, сыртқы саясаттағы негізгі бағыттар жөнінде ойын білдірді.

Министрлік бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі жаһандық ұйымдағы өзінің қызметінде осы жылдың қаңтар айында БҰҰ ҚК-нің ашық пікірталастарында айтылған Президент Н.Ә.Назарбаевтың "Қауіпсіз, әділ және гүлденген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарасы" атты арнайы саяси үндеуінің негізгі қағидаларын басшылыққа алады.

Ведомство басшысы басты тақырыптары Орталық Азия және Ауғанстан бойынша қарарды ілгерілету, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі 2018 жылдың қаңтардағы  БҰҰ ҚК-дегі Қазақстан төрағалығына дайындығы туралы хабарлап, негізгі бағыттан, халықаралық өзара байланысты, тең әріптестікті нығайту жолынан таймайтынын жеткізді.

Отырыс барысында Кеңестің басты бағыттары бойынша жұмыс нәтижелері туралы есептер тыңдалды. "Қазақстанның Интернет Қауымдастығы" ЗТБ Президенті Шавкат Сабиров өзінің сөзінде Қоғамдық кеңес жұмысының ақпараттық-имидждік бағыты бойынша жұмыс өнімділігін айтса, СІМ Сыртқы саяси талдау мен болжамдау департаментінің директоры Әлім Қирабаев және ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова жұмыстың талдамалық-сараптау жағын іске асыру нәтижелері бойынша баяндады. Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саяси тұжырымдамасының қолданылу мерзімі 2019 жылы аяқталатыны белгілі болды. Осыған орай ҚР СІМ мен ҚСЗИ сараптама қоғамдастықпен бірге сыртқы саясаттың жаңа тұжырымдамасын жасау міндетін қолға ала бастаған. Құжаттың мазмұнын сапалы тексерістен өткізілгені, ал негізгі тармақтары және тараулары басты әлемдік және аймақтық трендтеріне сәйкес болуы тиіс.

Биыл 25-жылдығы атап өтілетін Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің нығайтуы мен дамуына қосқан үлесі үшін Д.Назарбаеваға тиісті мерейтойлық медаль табыс етілді.

Қоғамдық кеңестің ҚР СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі кезекті отырысы 2018 жылдың көктемінде өтеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар