Cу тасқыны кезінде пышақталған құтқарушының жағдайы қалай? - ТЖ вице-министрі түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 02 сәу. 2024 14:29 2439

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар кезінде жарақат алған құтқарушының жағдайына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр бұл жағдайдың туындауына жергілікті тұрғындардың әрекеті себеп болғанын жеткізді.

"Өкінішке қарай, құтқарушыларымыз көмекке келгенде, халық арасынан арқадан пышақ сұғатындар шықты. Оқиға Батыс Қазақстан облысында болған. Құтқарушылар өзен жағасында адамдарды бір жағадан екінші жағаға өткізіп тұрған. Оларға екі жергілікті тұрғын келіп, тиісе бастаған. Ақырында кикілжіңді шешіп, құтқарушылардан: “Қашанға дейін боласыңдар?” деп сұраған. Олар “Біз тәулік бойы осындамыз” деп жауап берген. Бұдан соң кешке мас болып келген екі жергілікті тұрғын төбелес шығарған. Сол кезде құтқарушылардың біріне пышақ тығып алған", - деді вице-министр.

Ал науқас дәрігерлердің бақылауында, жағдайы бірқалыпты екен.

"Дәрігерлер жақсы нәтиже күтеді. Заң бұзушылар ұсталды, олар өз кінәларын мойындады. Қазір полицияның қарамағында", - деді Сыздықов.

Еске салайық, күні кеше ТЖМ БҚО-да тұрғындарға көмектесуге барған құтқарушыны пышақтап кеткенін хабарлаған болатын. Министрлік мәліметінше, құтқарушы 26 жаста. Оқиға Казталов ауданы Жалпақтал ауылының маңында болған.

Жедел деректер бойынша, жергілікті тұрғындарға көмек көрсету бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу барысында Қараөзен өзенінің жағасында 1998 жылы туған азаматтық қорғау сержанты жараланды. Ол аудандық ауруханаға кеуде аймағында екі пышақ жарақатымен жеткізілді. Полицияның мәліметінше, шабуылдаушы ішімдік ішкен күйінде болған. Сотқа дейінгі тергеу басталды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар