Елордада 9 шілдеден бастап ТМД мен Орталық Азиядағы ең ірі поп-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana-2025 басталады. Биылғы шара 13 шілдеге дейін жалғасады және оған 70 мыңнан астам қонақ, оның ішінде кемінде 10 мың шетелдік турист қатысады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Comic Con Astana өзін Орталық Азиядағы ең ірі әрі ең танымал гик-фестиваль ретінде танытты. Бұл – комикс, кино, ойын және поп-мәдениеттің жанкүйерлері үшін креатив индустрияның айтулы оқиғасына айналған шара.
Фестиваль ел ішінде де, одан тыс жерлерде де кең аудиторияны тартып, туристік бағыттың дамуына және елорданың ауқымды іс-шаралар орталығы ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді. Ол Нью-Йорк, Сан-Диего және Дубайдағы Comic Con фестивальдерімен деңгейлес.
Іс-шара екі ірі алаңда өтеді:
• «Барыс Аренада» шоу-бағдарламалар, халықаралық косплей байқауы өтеді, сондай-ақ басты сахнада автограф-сессиялар, Q&A (сұрақ-жауап) және хедлайнерлермен кездесулер ұйымдастырылады.
• «Астана Арена» стадионында үлкен көрме аймағы ашылады. Онда тақырыптық стендтер, брендтік инсталляциялар, кіші сахна, ойын алаңы және Pop Asia аймағы орналасады.
Биыл фестивальге үш бірдей Голливуд жұлдызы қатысады:
• Энди Серкис – британ актері мен режиссері, motion capture технологиясының новаторы. Танымал жобалары: «Сақиналар әміршісі», «Маймылдар планетасы», «Жұлдыздар соғысы», «Бэтмен».
• Эсай Моралес – 40 жылдық карьерасы бар Голливуд жұлдызы («Озарк», «Титандар», «Мүмкін емес миссия», «Ла Бамба»).
• Скотт Эдкинс – актер және жекпе-жек өнерінің шебері («Даусыз» фильмдер сериясы, «Джон Уик 4», «Доктор Стрэндж», «Ип Ман 4»).
Барлық хедлайнер автограф-сессияларға, Q&A және баспасөз конференцияларына қатысады.
Фестиваль аясында Қазақстан мен Испания арасындағы алғашқы бірлескен жобаның – Netflix стриминг платформасына арналған «Перемирие» (La Tregua) фильмінің тұсаукесері өтеді. Туынды ҚарЛАГ тарихының қайғылы сәттерін баяндайды. Фильм режиссері Мигель Анхель Вивас («Қағаз үй») және продюсер Эмилио А. Пина (Premios Goya) фестивальге келеді деп күтілуде.
Бағдарламаның дәстүрлі бөлігі – 15 миллион теңге жүлде қоры бар халықаралық косплей байқауы. Қазылар құрамында: Яя Хан (АҚШ), Cinderys (Франция), Ran Hime (Қырғызстан), Frau Haku (Ресей), Ainaven Elf! (Қазақстан), Danik (Қазақстан), Midday of Siberia (Ресей) және басқа да танымал косплейерлер.
Фестивальдің арнайы қонақтарының қатарында Marmok, Qewbite, Антон Милс, Johan, Eugene Sagaz, Настя Джексон, Big Gleb, Metal Family авторлары және басқа да жұлдыздар бар.
Сонымен қатар, шара барысында TEKKEN World Tour 2025 халықаралық турнирінің ресми кезеңі өтеді. Бұл – «файтинг» жанрындағы Tekken 8 ойыны бойынша жарыс. 90-нан астам ойыншы рейтингтік ұпайлар мен 400 000 теңге жүлде қоры үшін бақ сынасады.