Кеш атауы айтып тұрғандай, шараның мақсаты – өнері мен өмірі жарасқан әнші, өнерде өзіндік орны бар Сәкен Майғазиевті жастарға үлгі ету, шығармашылығымен таныстыру, танымал әншімен жастарды жүздестіру.
Баршаға белгілі Сәкен Майғазиев ерекше танымалдылыққа ие «МузАрт» тобының мүшесі ретінде, жеке әнші ретінде де елімізге танымал, өнерсүйер қауымға таныс. «МузАрт» тобы арқылы көпшіліктің сүйікті әншісіне айналған Сәкен Майғазиев – бүгінде өнерімен, әуезді даусымен тыңдармандарды сүйсінтіп, қазақ эстрадасында өзіндік орынға ие болған әнші.
Оқу орын жастары мен оқытушылары қатысқан кеште ине шаншар жер болмады. Арулар ордасының қыздары зор қошеметпен, ерекше ілтипатпен қарсы алды. Аналар мерекесімен, көктем мерекесімен құттықтай келген университеттің қадірлі қонағы алдымен оқу орынның бірегей тарихи- этнографиялық «Ақтұмар» мұражайын тамашалап, естелік кітапқа тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды.
Бүкпесіз әңгіме, риясыз жүздесу болған кеште айтары бар жасқа жеткен, қашанда «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, шындықты ғана айтатын Сәкен Майғазиев тек қана қыздар білім алатын қаракөз қарындастарына өз білген, түйгендерімен, өмірден алған сабақтарымен, сүйікті ұстаздары мен балалары, жұбайымен таныстығы туралы, балалық шағымен, студенттік кезімен, өмір және өнер жолындағы қызықты оқиғаларға толы әсерлі әңгімелерімен бөлісіп, еліміздің ұлт тәрбиешілері, ұстаз, болашақ ана, болашақ жар болатын ару қыздарға ағалық ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар, жастардың қызықтырған толассыз сауалдарына үш сағат бойы жалықпастан тұшымды жауап берді.
Кездесу барысында өнері мен өмірі жарасқан әнші, талайды тамсандырған ерекше талант иесі өз репертуарындағы «Асыл ана», «Жылама ару», «Арайлым» және т.б. арулар мен аналарға арналған әндерін жанды табиғи дауыста орындап, 8 наурыз – Арулар мерекесіне орай әннен шашу шашып, мереке алдында өнерін құрметтеп келген барша қауымға көтеріңкі көңіл сыйлады.
Кеш соңында алған әсерімен бөліскен белгілі әнші Сәкен Майғазиев:
– Бүгін жылы шырайлы, жылулыққа толы кездесу болды. Алған әсерім керемет. Жиі-жиі келіп тұруды Алла нәсіп етсін. Екі ай бұрын айтып еді, міне, бүгін көктемнің алғашқы күніне сәті келді. Қыздардың мазмұнды да, ойлы сұрақтарына риза болдым. Қасиетті қара шаңыраққа айналған Арулар ордасына үлкен табыс тілеймін. Қыздарымыз ата-ананың, ұстаздарының сенімін ақтап, ибалы, инабатты, иман жүзді, «Қазақ қызы» деген атқа лайық болса екен. Болашақ жар, болашақ ана болатын әр аруға әйел бақытын тілеймін. Адал жар табыңыздар, аяулы ана атаныңыздар, бақытты да сүйікті болыңыздар! – деп Парасат мектебінде оқитын қаракөз қарындастарына ақ жүректен шыққан тілегін білдірді.
Атап өте кетейік, кездесу барысында оқу орынның құрметті қонағы Сәкен Майғазиев Қыздар университетінің «Құрмет белгісі» медалімен марапатталды. Оны Санат Айнақұлов табыс етіп, қадірлі қонаққа алтын уақытын бөліп келгені үшін алғысын білдірді.
– Менің сүйікті әншім, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Сәкен Майғазиевпен кездесу өткеніне өте қуаныштымын. Тек теледидардан көретін әншіммен жүздестіргені үшін ұстаздарыма, ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз. Мен Сәкеннің, «МузАрт» тобының әндерін сүйіп тыңдаймын. Сәкеннің тыңдарманымын, жанкүйерімін. Оның өмірі мен шығармашылығымен жақсы таныспын. Сәкен Майғазиев – өнерімен де, өмірімен де жастарға үлгі жан. Оған бүгін айтқан тағылымды ойлары, ғибратты әңгімелері дәлел бола алады. Алдағы уақытта Мейрамбек Беспаевпен кездессек деп армандаймыз, – дейді оқу орынның 3-курс студенті Сәбина Қойшанова.
Зейнолла Абажанов