Мектептерде БЖБ мен ТЖБ-дан біртіндеп бас тарту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, қазір бұл бағытта ауқымды талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, мектептерде диктант, шығарма, мазмұндама секілді бақылау жұмыстары енгізіле бастаған.
"БЖБ мен ТЖБ-дан біртіндеп бас тарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Бірақ оған нақты негіз бен жан-жақты талдау қажет", - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оның сөзінше, биыл Оқу-ағарту министрлігі мен Орта білім комитеті 1-11-сыныптардағы БЖБ мен ТЖБ жүйесіне талдау жүргізген.
Министрлік тамыз конференциясына дейін қай сыныптарда БЖБ мен ТЖБ сақталатынын, ал қай сыныптарда бағалаудың басқа түрлері енгізілетінін анықтауды жоспарлап отыр.