"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі жалғыз акционері болып табылатын Қазақстан Үкіметіне 2023 жыл бойынша 65 млрд теңге дивиденд төлейді. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында жарияланған ақпаратта айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдында ғана холдинг өткен жыл үшін 61,16 млрд теңге дивиденд төлеген болатын. Ал қосымша дивиденттің қарастырылуы жақында Үкімет қабылдаған жарлықпен байланысты. Оған сәйкес, холдинг төлейтін ең төменгі дивиденд мөлшерін 14,2%-дан 30,95%-ға дейін көтерген! Яғни, екі еседен аса. Сонда, барлығын қоса есептегенде, мемлекет бюджеті 126,2 млрд теңгемен толықты деп айтуға болады.
Осылайша холдинг 2023 жылғы таза табыстың 69,05%-ын немесе 281,48 млрд теңгесін өзіне қалдырды.
Айта кетсек, "Бәйтерек" холдингі 2022 жылы дивиденд төлеуге таза пайдасының 15,4%-ын, 2021 жылы 29,8%-ын, 2020 года 14,2%-ын жұмсаған. Осы жағынан алғанда, соңғы төрт жылдағы холдинг төлейтін дивидент көлемі бойынша биылғысы ең жоғары шекті қамтып отыр. Оның бірден екі есеге артуы, сарапшылардың пікірінше, холдингтің жалғыз акционері Қазақстан Үкіметінің бюджет тапшылығымен бетпе-бет келіп, бұл мәселені шеше алмай жатуымен байланысты болуы мүмкін.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2024 жылғы республикалық бюджеттің жалпы кірісі – 20,2 трлн теңге, шығысы – 23,4 трлн теңге. Арада 3,2 трлн теңге айырма, яғни тапшылық бар.