Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман экс-министрмен бірге тұрған жылдар туралы ашып айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол Бишімбаевпен бірге тұрған 14 жылын бірауыз сөзбен айтып жеткізе алмайтынын айтты.
«Қолында гранатасы бар маймылмен өмір сүргендей болдым. Қай кезде жарылып кететінін білмейсің. Таңертең оның сүйікті жейдесіндегі түймесін тігіп бермегенің үшін сөз естуің мүмкін. Осындай нәрселер үшін шу шығарып, айғайлап жіберуі мүмкін еді. Кешке жұмыстан қандай көңіл-күймен келетінін білмейсің. Келген кезде оған бір сәт қарап тұрып қаласың. Кейін ажырасқан кезде бақыт – өте қарапайым нәрселер екеніне көзім жетті», - дейді Назым Қахарман «Умные люди» арнасына берген сұхбатында.
Назым Қахарманның сөзінше, олар бір шаңырақ астында өмір сүрген кездерде Бишімбаев көзіне шөп салған кездер болған.
«Әйел бақытын сезбейтінімді түсіндім. Демек менің тағдырым осы деп ойладым. Осындай крест қойдым өзіме. Алғашқы сот процесінен кейін, оны түрмеге қамап тастағаннан кейін қиын сәтте тастап кету дұрыс емес деп ойладым. Иә, бақытта болмаған шығармын, бірақ әйел адам ретінде міндетім барын түсіндім. Изолятор да, сот та өте қиын кез болды. Балаларымды бұрын да, қазір де әкесіне қарсы қойған емеспін», - дейді Назым.
Айта кетейік, Назым Қахарман Қуандық Бишімбаевпен 14 жыл некеде болған. Олар 2020 жылы ажырасып кеткен. Назым Қахарман мен Қуандық Бишімбаевтың үш баласы бар.
Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман сот отырысына қатысты пікір білдірген болатын. Сот отырыстарының бірінде Бишімбаев Салтанат пен балаларын алып шетелге демалуға шығар кезде болған жайт туралы айтып берген болатын. Қуандық Бишімбаевтың сөзінше, Салтанат шетелге шығар алдындағы түнде шетелдік төлқұжатын жоғалтып алған.
Осыған байланысты Назым Салтанатпен не жайлы сөйлескенін көрсеткен. Салтанат бұл жайтқа қатысты Назымнан бірден кешірім сұраған.
«Төлқұжатымды жоғалтып алғаным үшін кешірім сұраймын, үйде көшіп, арасында стреске түсіп, бәрі қабаттасып кетті. Балалардың маған көзқарасы жақсы, ол сіздің арқаңызда. Өте мейірімді және тәрбиелі балалар. Бұл сіздің арқаңыз деп білемін және сізге құрметпен қараймын. Егер қарсы болмасаңыз сізбен таныссам деп едім. Қарым-қатынасымыз жақсы болғанын қалаймын», - деп жазған Салтанат.
Сондай-ақ Назым Қахарман «Қуандық Бишімбаев манипулятор» деген пікірмен келіскен.
Сонымен қатар, әлеуметтік желіде Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман да бүгінгі сот отырысына қатысты пікір білдіріп, тек Байжановқа емес, оған да қысым жасалып жатқанын жеткізді.
"...Тіпті сотта да бүкіл елдің көзінше оған (Байжановқа - еск.) абьюзерлік қарым-қатынас жасап жатыр. Тек оған емес (ол сотталушылар орындығында бірге отыр), маған да қысым көрсетуге тырысып жатыр. Сондай қорқынышты. Сот Бақытжанды одан алыстатады деп үміттенемін", - деп жазды Назым.