Әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әкесі ұйымдастырған пиардың арқасында жазадан құтылып кетуі мүмкін. Бұл туралы белгілі саясаткер Мұхтар Тайжан мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Еске салайық, 2023 жылы 9 қарашада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. Аталмыш оқиға мейрамханада орын алып, бейнекамераларға түсіп қалған.
22 ақпанда Бишімбаевтың адвокаттары сұхбат беріп, онда кісі өлтіру болмағанын және Бишімбаев өз кінәсін мойындамайтынын жеткізді. Бұл мәлімдемелер көпшіліктің наразылығын тудырды.
Саясаткер әрі кәсіпкер Мұхтар Тайжан адвокаттармен болған сұхбат Қуандық Бишімбаевтың атына кір келтірмеуге бағытталған үлкен науқанның бір бөлігі деп есептейді. Ал оның бастамашысы беделді депутат, академик, күдіктінің әкесі Уәлихан Бишімбаев екеніне сенімді.
"Мен кісі өлтірушілердің өмірін сақтап қалған дәрігерлерді кінәламаймын. Бұл - олардың кәсібі, міндеті және анты. Олар кез келген адамды емдеуге әрі құтқаруға міндетті. Сонымен қатар кісі өлтірушілерді қорғап жатқан адвокаттарға да кінә артпаймын. Бұл да олардың кәсібі, міндеті, анты. Олар әрбір адамды қорғауға міндетті. Алайда бұл іске Бишімбаевтың әкесі, академик, лауреат, еңбек сіңірген қайраткер, ректор және Нұр-Отан партиясының депутаты, Назарбаевтың досы Уәлихан Бишімбаевты кінәлі деп санаймын. Себебі ол мемлекеттің қаржысын жымқырған ұрыны тәрбиеледі. Бұл сотпен дәлелденді. Назарбаев арқылы ол ұлына кешірім беруін сұрағанына сенімдімін. Сондықтан ірі қылмыскер бостандыққа шығып, жазаланбайтынына сенімді болды. Бұның арты үлкен трагедияға әкелді. Қазір кіші Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы ерекше қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінді. Енді міне, әкесі БАҚ арқылы ұлын ақтап шығуға тырысып жатыр. Тіпті баласының әрекетіне байланысты өкінетінін жеткізген сөзі де жоқ. Егер сот Қуандықтың кінәсін дәлелдесе, әкесін де барлық атағынан айыруды талап етуіміз қажет. Оның тәрбиесі мен іс-әрекеті ақыр соңында жазықсыз адамның өліміне әкелді. Ол марапат пен құрметке лайық емес. Сөгіс пен ұятқа лайық деп айтатын едім. Бұл басқа да ұрпақ тәрбиелеп отырған ата-аналарға үлкен сабақ болады", - деп жазды Тайжан.