Бишімбаевтың адвокаты алғаш рет сот үкіміне қатысты пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 16 мам. 2024 09:42 4564

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен экс-министр Қуандық Бишімбаев сотталды. Бишімбаевты қорғаған адвокаттардың бірі Ерлан Ғазымжанов алғаш рет сот үкіміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Апелляцияға береміз, үкімге шағымдануға ниеттіміз. Қорғау тарапының пікірінше, судья елеулі процессуалдық заңбұзушылықтарға жол берді", - деді ол Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Ғазымжанов Бишімбаевқа тағайындалған 24 жылға бас бостандығынан айыру жазасы туралы да айтты.

"Қорғаушы тарап Бишімбаевты қинау бабы бойынша айғақтардың жоқтығына байланысты ақтап, адам өлтіргені үшін емес, абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп тану керек еді деп есептейді.

Бұл бап (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 3-бөлігі) 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Осылайша, заң бойынша Бишімбаев осы шекте жазалануы керек", - деп есептейді адвокат.

Адвокат үкім жарияланғаннан кейін Бишімбаевқа тергеу изоляторына барғанын айтты.

Еске салайық, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынған еді. Оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • азаптау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар