Бишімбаев өзіне қол жұмсар алдында балаларына өсиет қалдырып кеткен

Көркем Алдабергенова 17 сәу. 2024 17:28 8109

Қуандық Бишімбаев қайғылы оқиға болғаннан кейін суицид жасамақ болған. Артынша ол видеоға түсіп, онда өсиет қалдырған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы сотта Бақытжан Байжановтың телефонын тексеру барысында анықталды. 

"Бар затымды, банк аккаунттарымды, есептерімді (шоттар), балаларыма сыйлаймын, Назымға (бұрынғы әйелі) сыйлаймын. Балаларымды асырасыншы", - дейді Бишімбаев бірінші видеода. 

"Мансұр, Карим, Ранияға (үш баласы), Назымға сыйлаймын" - дейді екінші видеода Қуандық Бишімбаев.  

Еске салайық,бұған дейін Бишімбаев тергеу изоляторында да суицид жасағысы келгенін айтқан болатын.

Прокурор Нұрбеков Бишімбаевтан сол күнгі оқиғадан кейін тағы да суицидке оқталу әрекеті болып-болмағанын сұрады.

"Тергеу изоляторында да мұндай әрекеттер жасауға тырыстым", - деді Бишімбаев.

Артынша мемлекеттік айыптаушы бес ай бойы бейнебақылау камераларынан мұндай әрекетті байқамағанын жеткізді.

"Құрметті сот, құрметті алқабилер, Бишімбаев ұсталған сәттен бастап бес ай бойы жеке өзім процессуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторының камерасына орнатылған бейнебақылау камерасын қарадым. Соған назар аударсаңыздар деймін. Осы бес ай ішінде бірде-бір рет өзіңізге зиян келтіруге тырыспадыңыз" - деді прокурор Саяхат Нұрбеков. 

Бұған дейін сотта қылмыс болған жерде жұмыс істеген қызметкер куәгер ретінде жауап беріп, сол күні Бишімбаев пышақ ұстап жүргенін айтқан еді.

"Сағат 19.00 шамасында Байжанов телефоныма хабарласып, BAU мейрамханасына көтерілуімді сұрады. Не үшін екенін білмеймін. "Тез көтеріл" деді. Мен бірден сол жаққа бардым. Лифтке кірсем, жедел жәрдем болды. Қуандық Уәлиханұлы қолына пышақ ұстап жүрді. Ол дәретхана жаққа пышақпен кіріп кетті. Біз қатты қорқып кеттік, артынан ердік. Одан пышақты алып, полиция келгенше күттік. 15-20 минутта полиция келді", - деді бармен.

Оның сөзінше, Бишімбаевты көрген кезде қасында тек Байжанов болған.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар