Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Отырыс барысында мемлекеттік айыптаушы Саяхат Нұрбеков Қуандық Бишімбаевқа бірнеше сұрақ қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Прокурор Нұрбеков Бишімбаевтан сол күнгі оқиғадан кейін тағы да суицидке оқталу әрекеті болып-болмағанын сұрады.
"Тергеу изоляторында да мұндай әрекеттер жасауға тырыстым", - деді Бишімбаев.
Артынша мемлекеттік айыптаушы бес ай бойы бейнебақылау камераларынан мұндай әрекетті байқамағанын жеткізді.
"Құрметті сот, құрметті алқабилер, Бишімбаев ұсталған сәттен бастап бес ай бойы жеке өзім процессуалдық прокурор ретінде тергеу изоляторының камерасына орнатылған бейнебақылау камерасын қарадым. Соған назар аударсаңыздар деймін. Осы бес ай ішінде бірде-бір рет өзіңізге зиян келтіруге тырыспадыңыз" - деді прокурор Саяхат Нұрбеков.
Бұған дейін сотта қылмыс болған жерде жұмыс істеген қызметкер куәгер ретінде жауап беріп, сол күні Бишімбаев пышақ ұстап жүргенін айтқан еді.
"Сағат 19.00 шамасында Байжанов телефоныма хабарласып, BAU мейрамханасына көтерілуімді сұрады. Не үшін екенін білмеймін. "Тез көтеріл" деді. Мен бірден сол жаққа бардым. Лифтке кірсем, жедел жәрдем болды. Қуандық Уәлиханұлы қолына пышақ ұстап жүрді. Ол дәретхана жаққа пышақпен кіріп кетті. Біз қатты қорқып кеттік, артынан ердік. Одан пышақты алып, полиция келгенше күттік. 15-20 минутта полиция келді", - деді бармен.
Оның сөзінше, Бишімбаевты көрген кезде қасында тек Байжанов болған.
"Бишімбаев ештеңе айтпады. Сасқалақтап тұрды. Жылап тұрды. "Не үшін істедім, не болды?" деді. Кейін өлім болғанын білдік. Қарсыласпады (пышақты алғанда - еск.). Мас еді. Ол "мен өлтірдім бе?" деп сұрады. Ол өз-өзіне қол жұмсағысы келген шығар (пышақты ұстаудағы мақсаты - еск.). Ол дәретханаға жалғыз кіріп, жауып алды. Біз суицид жасай ма деп қорқып кірдік. Пышақты алып алған кезде асханаға басқа пышақ алу үшін жүгіріп кетті. Қан, ештеңе болмады", - деді бармен.
Ал кейін Қуандық Бишімбаев сот отырысында оқиға болған күні неге пышақ ұстап жүргенін түсіндірген болатын.
"...Мен ол көз жұмғанын түсіндім. Жедел жәрдем келіп, жансақтау шараларын істей бастады. Мен есеңгіреп қалдым. Кейін асүйге барып, пышақ алдым. Бір ғана ой болды: өз-өзіме қол жұмсасам дұрыс болады деп ойладым. Кейін полиция келді. Мән-жай осылай болды",- деді Бишімбаев.
Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.
Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.
Кешегі сот отырысында Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.